$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Қазақ-түрік лицейлеріне байланысты нүкте

AstanaTV
03.09.2016ж. 20:00
3495
Қазақ-түрік лицейлеріне байланысты нүкте

Жаздың ортасында Түркияда әскерилер мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттеніп, дүрбелеңге түсіргені мәлім. Дүрбелең дейміз-ау, оқ қарша борап, қаншама адам мерт болды. Бұл мемлекеттегі әскерилердің бірінші рет жасай алмаған төңкерісінің себептері мен астарлары бөлек әңгіме. Алайда оның жаңғырығы бізде де естілді – Түркия билігі еліміздегі қазақ-түрік лицейлерін жабуға кеңес берді. Өздері төңкеріс авторы санайтын Фетхуллах Гүленнің жақтастары сабақ береді-мыс. Гүлен туралы біз бірнеше рет айттық -   қазір АҚШ-та тұрады, дәлірегі – тұруға мәжбүр. «Хизмет» қозғалысының негізін қалаушы, дін ғалымы Фетхуллах Гүлен мен оның жамағаты Түркия президентінің қас жауы. Кезінде осы жамағат саясаткердің саяси олимпке көтерілуіне өлшеусіз қызмет еткен... Жарайды, айттық ғой, бұл бөлек әңгіме.

Сонымен біздің қоғам қазақ-түрік лицейлерін жабу туралы «рекомендацияға» өре түрегелді. Себеп – ол мектептер сапалы білім береді. Ол мектептерге Гүленнің де, басқаның да қатысы жоқ - мемлекеттік стандарттар бойынша қызмет көрсететін мекемелер. Ең бастысы -  бұл біздің мемлекеттің ішкі шаруасы. Біз қазақ-түрік лицейінде орта білім алған, қазір білікті мамандардың арасындағы қоғам танитын азамат Саясат Нұрбекпен сұхбаттастық. Ол айтады, егер қазақ балаларының миына күдікті бірнәрсе тықпаланса, шығатын кезі болды ғой. 

Саясат Нұрбек, «Астана» халықаралық қаржы орталығының атқарушы директоры:

 Біріншіден, сапалы білім береді, халықаралық стандарттарға сай. Ағылшын тілінде. Сапалы білім береді. Бізде қазір орта мектеп деңгейінде халықаралық стандарттарға сай білім беретін орындар өте аз, өкінішке қарай. Екіншіден, бұл лицейлер тек ғана білім бермей, тәрбие береді. Мына ер бала есейіп жатқан шағында 12-16 жас аралығында оған бір модель керек, үлгі керек, Қасында жүрген тәриешілер сол. Модельмен өседі бала, үлгі алады. Үшіншіден, сала-сала бойынша тереңдетілген оқыту. Яғни бала түскесін, оның дарыны белгілі болады. Мысалы гуманитарлық сала ма, әлде математика, химия ма, тәрбиешілер мен ұстаздар сол жеке қабілетін айқындап, ол балаға жеке оқу процесін ұйымдастырады.

 Қазіргі таңда Түркияға қатысы жоқ. Яғни мемлекеттік мекеме ретінде дәл орта мектеп секілді 2001 жылдан бастап Қазақстанның орта білім жүйесінің толыққанды институты. Қазіргі «Дарын» мектептерінің ішінде жүретін 27 мектеп ғана.

Оны түрік дипломаттары білмеді ме?

Айтып отырмын ғой, ол Түркияның ішкі мәселесі. Біздің арамыздағы жағымсыз бір оқиға. Бізге қатысы жоқ.

Білім министрлігі «тексердік» деді. Сонда ол формальді тексеру ғой?

 Олардың оқу бағдарламалары толығымен мемлекеттік стандарттарға сай. Оқу бағдарламасы өңірдегі білім басқармасымен бекітіледі. Ол шарт, ол заң. Тек бір айырмашылық бар. Ол мұғалімдерді, басшыларын тағайындау Катеv халықаралық қорымен арнайы меморандум бар, соған байланысты солармен кеңесу арқылы өтеді. Бірақ білім басқармасы бұйрық шығарады. 1124 ұстазы бар. Соның 94-і ғана, яғни 8-9 пайызы ғана Түркия азаматтары. Қалғандары Қазақстанның азаматтары. Біз тоқсаныншы жылдары оқыдық. Ол кезде мұғалімдердің көбі түрік болған. Бірақ бізге ешкім пантюркизм немесе діни идеология таратылмаған. Оны нақты өзім оқығасын айтып отырмын. Тек ғана үлгі болды. Олардың бәрі намаз оқыған, таза жүрген мықты азаматтар болды. Діни дегенде иманды, сауатты. Қарасақ, білімі де мол, еуропа тәрізді киінеді, еуропа тәрізді бірнеше тіл біледі. Темекі шекпейді, арақ ішпейді. Олардың философиясы бізге дінді көрсетпеу, оны іс-әрекет арқылы Исламның қандай жақсы дін екенін дәлелдеу еді.

Саясаттан да алыс емес Саясаттан ауқымдыны емес, «болмашыны» талқылаған күн тәртібін «сызып» тастау  үшін қандай «тікенектерді» отап тастау керектігін сұрадық. Себебі өркениет дамуы, ғылыми революциялар туралы ақпараттар «қауашақта» жатқанымызды көрсетеді.

Саясат Нұрбек, «Астана» халықаралық қаржы орталығының атқарушы директоры:

 Меніңше қоғамымызда екі үлкен мәселе тұр – ол қоғамдық келісім моделі. 18-ғасырда Жан Жак Руссо, Дидро қоғамдық келісім әлеуметтік теориясын шығарған. Кез-келген ел, кез-келген қоғам бірінші кезекте өз мүшелері арасында келісіп алулары керек. Ол жазбаша да емес. Біз қандай қоғамды жасап отырмыз? Ол қоғамның негізгі шарттары қандай? Негізгі принциптері қандай? Меніңше қазіргі таңда сол жетіспей отыр. Екінші нәрсе, стандарттар. Қарасаңыз, Қазақстанда түбегейді нақты реформалар әлі болмаған. Негізгі стандарттар өзгермеген. Мысалы, құрылыс саласы. ГОСТ, СНИП деген стандарттар әлі сол ескі кеңес одағынан қалып қойған. Оны отырып, түбегейлі қарастыратын бізде уақыт та болған жоқ... Мысалы, Оңтүстік Кореяға барсаңыздар, кез-келген дәрігер ағылшынша біледі, АҚШ-та оқыған. Мен сұрадым, себебін. Олар айтты: бізде коррупция да, басқа да болды. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі стандарттарды АҚШ-ң стандарттарына ауыстырды. Яғни дәрігер болуы үшін АҚШ-та оқып, өте күрделі емтихан тапсырып, сертификат алып келгенде ғана сізге дәрігерлік лицензия беріледі... Бізге жаңалықтан қорықпау керек. Неге десеңіз, заман талабы өзгерді. Заман қазір өте тез өзгеріп жатыр. Және стандарттар тез өзгеріп жатыр. 30-40 жылдай  артта қалуымыз бар. Ал соңғы 20 жылда өте үлкен өзгерістер болып жатыр. Ғылыми революциялар болып жатыр. Олардан қалып жатырмыз...