Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Павлодар облысында екі құс фабрикасы жабылуы мүмкін

AstanaTV
28.02.2023ж. 08:45
1677
Павлодар облысында екі құс фабрикасы жабылуы мүмкін

Павлодар облысында екі құс фабрикасы банкрот болуы мүмкін. Қазір әкімшілік оларға жаңа инвестор іздеп жатыр. Себебі, жұмыртқа мен құс етін өндіру көлемі күрт азайып кеткен,- деп хабарлайды Қазақстан Телеарнасы.

Қызылжар құс фабрикасы осыдан тура бір жыл бұрын модернизацияға жабылған. Бірден 150 адам жұмыссыз қалды. Александр Курочкин бастапқыда бұрынғы жұмыс орныма қайта барамын деп ойлапты. Бірақ үміті ақталмады. Қазір ол Павлодар қаласында жұмыс істеп жүр.

Александр Курочкин, Қызылжар ауылының тұрғыны:

Ауылдан адамдардың кетпей отырғандығы осы құс фабрикасының арқасы еді. Жұмыс дәл үйдің жанында болғаны жақсы ғой. Қазір міне таңертең кетіп кешке келеміз. Несі жақсы?

Фабрика 2021 жылы құс етін арзандатылған бағамен ұсынғаны үшін мемлекеттен 140 млн. теңге субсидия алыпты. Былтыр модернизацияға жабылғаннан кейін де 6,5 млн теңге қаржылай қолдау көрсетілген. Себебі бұл осы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған жалғыз кәсіпорын.

Қызылжар ауылының әкімі Дәулет Әбілдиннің айтуынша, фабрикадан жұмыстан шыққан 45 адамға бүгін жұмыс берілген. Одан басқа Павлодар-Қызылжар маршруттық автобусын аштық дейді. Күніне 6 рет жүреді. Жергілікті халық бүкілі Павлодарда жұмыс істейді. Жұмыссыз жүрген азаматтар жоқ.

Ал «Шарбақты-құс» фабрикасы өнім көлемін бірден 50 пайызға азайтқан. Былтыр қаңтар айында 4 млн 600 дана тауық жұмыртқасы сатылымға шығарылса, биыл 2 млн 800 мың ғана жұмыртқа өндірілді. Себебі, тауық саны 150 мыңға кеміді.

Әсемгүл Бектұрова, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Жем-азықтың қымбаттауына байланысты және басқа құрал-жабдықтардың күрт қымбаттауына байланысты осы біздің құс фабрикаларының жағдайы осыған келді.

Бұл екі құс фабриканың құрылтайшысы бір адам. Қазіргі жағдайға байланысты қандай да бір мәлімет беруден бас тартты. Ал, әкімдік бұл кәсіпорындарға жаңа инвестор іздеп жатыр.