Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Қытайдың Ханчжоу қаласында «Үлкен жиырмалық» саммиті аяқталды

AstanaTV
05.09.2016ж. 20:00
3268
Қытайдың Ханчжоу қаласында «Үлкен жиырмалық» саммиті аяқталды

«Үлкен жиырмалық» саммитінде экономикаға қарағанда, саяси сұрақтар көп талқыланған сияқты. Езу тартқызар сәттер де орын алды. Ал АҚШ барлау қызметіне Аспан асты елінің халқынан кешірім сұрауға тура келді. Ұлыбритания премьері Тереза Мэй болса Владимир Путиннің қолын алуды «ұмыт қалдырды». Алдағы материалда толығырақ.

Қытай жиырмалыққа мүше емес 8 мемлекетті саммитке қатысуға шақырды. Осылайша жаһандық экономика 20 елмен шектелмейтінін көрсеткісі келгендей. Жиынға шақырылғандар қатарында Лаос пен Чад республикасы бар.  Бірі Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ассоциациясына, екіншісі Африкалық одақ елдеріне төрағалық етіп отыр.

Си Цзиньпин, ҚХР төрағасы:

Біз макроэкономикалық және саяси ынтымақтастықты арттыруымыз керек. Осылайша экономикалық өсім мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет. Жиырмалыққа мүше елдер макроэкономика бағытында кешенді саясат ұстанғаны дұрыс. Ол қаржы-несиелік және құрылымдық реформаларға негізделуі тиіс.

Кей саясаткерлер бұл саммитте алғаш рет «жарыққа шығып», үлкен саясатқа араласып жатты. Солардың бірі - Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй - салған жерден Владимир Путиннің қолын қысуды «ұмытып кеткендігімен» ел есінде қалды. Ғаламторда қызу талқыланған бұл сәтті Ресей басшысының баспасөз қызметі, саясатпен байланысы жоқ, тек асығыстықтан болды, деп түсіндіруде. Ал федерация президенті түк болмағандай Режеп Ердоғанмен кездесуге кетті.

Владимир Путин, РФ президенті:

Түркиянің жағдайы оңай емес екенін көріп отырмыз. Терроризммен күресіп жатыр. Жағдай тұрақталып қалды, дегенмен бар мәселені біржола реттейтініңізге сенімдімін. 

Си Цзиньпин қос Кореяға қатысты қауіпті де талқылап үлгерді. Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хемен кездесуінде Қытай басшысы АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс құралдарын Сонджуға орналастыруға қарсылығын білдірді. Ал бұл уақтытта Пхеньян үш бірдей баллистикалық зымыран жіберіп үлгерді.

Ал ең үлкен дауға америкалықтар қалды. Қытай қызметіне көңілдері толмай Twit арқылы ескерту жариялаған АҚШ барлау қызметі кешірім сұрады. Сөйтсек, олар Америка басшысы Барак Обамаға тиісті құрмет көрсетілмегеніне ренжіпті. Оның алдына қызыл кілем төсемей, тіпті трап та бермеген. Сөйтіп АҚШ президентіне ұшақтан қосымша баспалдақпен түсуге тура келген.

Жиын барысында Барак Обама мен Владимир Путин Сирия мәселесін талқылап үлгерді. Саммит қожайынының әріптестікті арттыруға қатысты айтқан ұсыныстарына ұйымға мүше мемлекеттер құлақ асқан тәрізді. G 20 елдері жыл соңына дейін дүниежүзілік сауда ұйымының тәртібін жеңілдетуге уәде берді. Сонымен қатар жиырмалық Дүниежүзілік банктің квота жүйесіндегі жаңашылдығына қолдау білдірді. Яғни олар халықаралық қаржы қорының Қытай юаньін арнайы алыс беріс құқығы, резервтік валюта қоржынына енгізу шешімін құп алды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ