Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Қызылжарда тұрақтандыру қоры азық-түлік резервінің жартысына жуығын ғана сатып үлгерген

28.02.2023ж. 20:00
851
Қызылжарда тұрақтандыру қоры азық-түлік резервінің жартысына жуығын ғана сатып үлгерген

Қызылжарда тұрақтандыру қоры азық-түлік резервінің жартысына жуығын ғана сатып үлгерген. Бағаны тұрақты қалпында ұстау үшін жазға дейін тауар қоры жеткілікті, дейді олар. Ал басқа аймақтарда азық-түлік бағасы қалай? Не қымбат, не арзан? Тілшілеріміз еліміздің әр түкпірінен жағдайды жеткізеді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Қызылжарда азық-түліктің бағасы соңғы бірнеше айда тұрақты. Әлеуметтік қоржынға кіретін 19 түрлі тауардың құны қыс басталғалы - өзгеріссіз. Дегенмен, жұрт тамақ бағасы арзандаса дейді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Мен ет жеуден қалдым. Азғантай зейнетақым тек тауық етінің кішкентай бөлшегіне ғана жетеді. Бұрын қаймақ, май жейтінбіз. Қазір оны да көрмейміз.

- Бұрын азық-түлікке кеткен қаржыны сезбейтінбіз. Бүгінде ай сайынғы еңбекақының тең жартысын тамаққа жұмсаймыз.

Бүгінде тұрақтандыру қоры азық-түлікті нарықтық бағаға қарағанда 40 процентке арзан сатып отыр. Ал кейбір тауарлардың құны тіпті екі есе төмен. Картоптың келісі 100 теңге, ал пияз, сәбіз, қырыққабат сияқты халық күнделікті тұтынатын тауарлар 95 теңгеден саудалануда.

Ғамали ЖҰМАШЕВ, «СОЛТҮСТІК» ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бізге бюджеттен 3.6 миллиард теңге бөлінді. Біз бұл қаражатқа күзді күні баға арзан болған кезде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 15 мың тоннасын сатып алдық. Қазір қалада 7 арнайы сауда орны бар. Сол жерден біздің тауарымызды күнде мыңнан астам адам сатып алады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Тұрақтандыру қорының өкілдері азық-түлік бағасының жазға дейін шарықтамайтынына сенімді. Себебі резервтен бөлінген тауардың осы уақытқа дейін жартысы ғана сатылған. Ал батыста жағдай қалай? Ол туралы менің Ақтөбедегі әріптесім Бақыт Рахметова айтады.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Ақтөбе де жергілікті атқарушы билік өнім өндірушілермен, кәсіпкерлермен әлеуметтік маңызы бар азық- түліктің 19 түрінің бағасын тұрақтандыруға қатысты меморандумға қол қойды. Ол бойынша ірі сауда желілері бұл аталған тауарларға бес пайыздан артық үстеме қоса алмайды. Десе де ақтөбеліктер биыл көптеген тауар түрінің қымбаттағанын айтады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- 100, 120 теңге разница бар бәрінде. Сүттер, йогурт қымбат, айран қымбат. Күнделікті алып ішетін заттар 100, 150 теңгеге қымбаттап кеткен.

- Нанның бағасы 160,150 теңгеден аламыз. Жұмыртқа енді 550-600 ге қымбаттады. Бұрын жұмыстан қайтқанда 1 мың , 1500 теңгеге алсақ, қазір бес мың теңгеден бірақ шығады.

- Өзімізден шығаруға болады ғой. Бәрі бар өзімізде, астық та су да бар. Качествосы да жақсы болар еді. Таза болады.

Мамандардың айтуынша, Ақтөбеде әсіресе, күріш, сондай-ақ сүт және макарон өнімдері айтарлықтай қымбаттаған. Ал көкөністің барлық түрінің бағасы өскен.

Шара НҰРПЕЙІСОВА, ОБЛЫСТЫҚ СТАТИСТИКА ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Азық-түлік тауарларының бағасы өсуі байқалды. Ол сүтке 6,1%, күрішке 3,5% балық және теңіз өнімдері 3,4%, ет және құс етіне 1,2% пайыз, жемістерден лимон 8,9 пайыз, апельсин 4,9 пайыз.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Жауаптылар жазға қарай көкөніс өнімдері бағасының маусымға қарай төмендеуі мүмкін екенін айтады. Ал басқа азық-түлікке қатысты болжам айту қиын дейді. Әрі қарай жамбылдық әріптесім Берік Жұмабай жалғастырады.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Тараздық тұрғындар да халық тұтынатын тауардың бағасы шарықтап, шамадан тыс өсіп жатыр дейді. Жұмыс істеп тапқан айлығымызды азық түлікке әрең жеткіземіз дейді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Ет қымбат, ұн қымбат, сүт вообще қымбат, қаймақ деген одан өткен, сарымай, бәрі қымбат.

- Картошка, бәрі қымбаттап тұр ғой енді. Келісі 200 теңге, сәбізің 180 теңге

- Қазір вообще ақшамыз азық түлікке зорға жетеді ғой. Бір продуктыға жұмыс істеп жүрміз.

- Апа, ненің етін сатып отырсыз?

- Сиырдың еті. Қаншадан бағасы?

- 2650 ден. Былтыр 2500 ден сатқанбыз. Міне кеш батты етіміз әлі тұр. Сата алмай жатырмыз, халықта ақша жоқ. Бәрі қымбатшылық.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Сатушы да, сатып алушы да риза емес. Саудагерлер әр тауардың үстіне аз-маз ғана теңге қоямыз дейді. Олар да күнкөріс қамымен жүргендерін айтады. Ал халық бағаны ырыққа көндіре алмай отырған жергілікті билікті кіналайды. Бірақ, билік өкілдері бағаны тұрақтандыру шаралары үздіксіз жүргізіліп жатқанын жеткізді.