Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Жамбыл облысында бағбандар инвестициялық субсидия ала алмай әлек

AstanaTV
05.09.2016ж. 20:00
4167
Жамбыл облысында бағбандар инвестициялық субсидия ала алмай әлек

Жамбылдық шаруалар инвестициялық субсидияға қол жеткізе алмай әлек. Алма өсірумен айналысатын шаруалардың айтуынша, бау-бақша қожалықтарына мемлекеттен субсидия бөлінбейді. Тек, дәнді дақыл өсірушілерге ғана кедергісіз қаржы беріледі,- дейді олар. Бірнеше жылдан бері «Агробизнес 2020» бағдарламасының қаржысына қол жеткізе алмай келе жатқанына наразы шаруашылық басшылары тілшілерімізге базынасын айта келді.

Бұл Мерке ауданында алма бағын өсіріп отырған шаруалар. Совет Қалманбетов 20 гектар жерге түрік технологиясымен 3 түрлі алма сортын еккен. Бүгінде 60 мың түп ағашы бар. Суды көп қажет етпейтін, бойы аласа, бірақ өнімді мол беретін интенсивті алма өсірудә ол алғашқылардың бірі болып қолға алған. Алайда, үкіметтен еш көмек көрмедім деп қынжылады. Биыл мемлекеттен 12 млн теңге субсидия сұраған.

Совет Қалманбетов, «Совет»  ШҚ басшысы:

«Агробизнес 2020» бағдарламасында субсидия туралы, ондағы жеңілдіктер жайлы анық жазылған. 30-40 пайыз көмек көрсетіледі деген. Жер дайындау, көшет отырғызу, тыңайтқыш себу, басқа да күтімдерге тіпті қарауылдың жалақысын да төлейміз деген. Мұның бәрі жобада болды. Ал, енді қазір өз қаржыма бақ тұрғыздым. Өйткені, мемлекеттен көмекті күте-күте шаршадық.

«Балабек» қожалығының басшысы болса, алма алқаптары жылдан-жылға ұлғайған сайын, оған кететін шығын да шаш етектен дейді. Субсидия негізінен дәнді дақыл мен көкөніс өсіретін кәсіпкерлерге берілетіндіктен, жеміс-жидек өсірушілерге арналған субсидия беру талаптарын өзгерту керектігін айтты.

Қазым Рүстемов, «Балабек» ШҚ басшысы:

Мемлекеттен ешқандай көмек көрмедім. Бастапқыда алқаптары 5 гектардан асатын шаруаларға жеңілдетілген жәрдем ақы беріледі деген. Осы талапты естігелі, құжаттарымды да қанттай қылдым. Несие аламыз дедік. Бірақ, талай рет тауымыз шағылды. Уақытты алатын ұсақ-түйек талаптары да шаршатты.

Жамбыл ауданындағы мына алма бағы аумағы бойынша аймақта алдыңғы қатарда. 80 гектардай аумақты алып жатқан баудағы жеміс ағаштарын егуге 850 млн.теңге жұмсалған.  Ауыл шаруашылығы саласына жауапты шенеуніктер  бағбандарға ақша жетпей қалғанын айтады. Әуелі бірінші бағыттағы ет, сүт бағытындағы мал шаруашылығына сосын суармалы егістікке көп көңіл бөлінеді дейді.

Марат Бүркітбаев, Жамбыл облысы АШБ экономикалық талдау және ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:

Басында бізге 1 млрд 900 млн ақша бөлеміз деді, сосын мынау дағдарысқа байланысты 450 млн теңгені қалдырды да, қалғанын алып қойды. Ал, қазір Үкімет тарапынан, ауыл шаруашылық министрлігі тарапынан 2 млдр 800 млн-дай ақша бөлеміз деп отыр.  

Осылайша, биылға сұраған 2 жарым млрд-тан аса қаржы мемлекеттік бюджеттен әлі түспеген. Жеткен жағдайда субсидия сұрағандарға үлестіреміз дейді. Әзірге Әулиеата өңірінде 5 алма өсіруші бағбан  «қаржы керек» деп өтініш берген. Олардың кәсібінің тиімділігі сол бір түп алма ағашы 100-150 келі өнім береді. Ал, 1 гектарынан 10 тонна алма жинауға болады. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ