Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Оралда адам өліміне алып келген екпе жасаған косметолог кепілдікке босатылуы мүмкін

AstanaTV
30.03.2016ж. 20:00
1645
Оралда адам өліміне алып келген екпе жасаған косметолог кепілдікке босатылуы мүмкін

Оралдағы сұлулық салонындағы әйел өліміне қатысы бар деп қамауға алынған косметологтың пациенттері оны қорғауға бекініп отыр. Олардың айтуынша, сұлулық орталығының қожайыны да жауапқа тартылуы тиіс. Ал Эльвира Юсупованың жолдасы оны кепілмен босатуға әрекеттеніп жатыр. Тұтынушылар құқын қорғау басқармасы болса, сәуірде сұлулық салондарына тексеру жүргізбек. Естеріңізге сала кетейік, наурыздың 28-і күні 39 жастағы Айжан Жақанова сұлулық салонында егілген уколдан соң қайтыс болған еді.

Қамауға алынған мәскеулік косметологтың туыстары оны кепілдікке босатуын өтініп отыр. Қазір 1 миллион теңге кепілдік төлеп, прокурорлардың тиісті шешімін күтуде. Косметологтың жолдасы «Астана» телеарнасы телефон арқылы берген сұхбатында жұбайының мол тәжірибесі барын алға тартты.

Николай, Эльвира Юсупованың жолдасы:

Оның медициналық білімі бар. Мәскеуде мол тәжірибе жинады. Қазір қажетті кепілдікті төледік, ертең оны үйқамаққа шығару-шығармау шешімі шығады.

Николай сондай-ақ жұбайының ауыр күйзелісте екендігін айтты. Ал косметологтың құрбысы, көпшілікке көріпкелдік қасиетімен танылған Кажета Аманжанова Ресейден маман шақыртып, табысты тең бөліскен салон қожайынын да жауапқа тарту керек, дейді.

Кажета, Эльвира Юсупованың құрбысы:

Мәскеулік адвокатты жалдадық. Өйткені Эльвираның еш кінәсі жоқ. Ол өз ісінің маманы, көптеген атақты адамдарға көмектесті.  Ал мынадай қайғылы жағдай аяқ астынан болды. Ол Оралға осыған дейін де бес рет барған. Қызметі үшін 1000 доллар алса, оның 500 долларын салон иесіне беріп отырды. Бұл жерде салон қожайынының да кінәсі бар. Ол неге шокқа қарсы заттарды ұсынбады?

Мамандар бұл жағдайға байланысты нақты сараптама шықпай, байлам жасау асығыстық болады деген пікірде. Өйткені әр адамның ағзасы әр түрлі.

Юрий Хван, дәрігер:

Мәселен, новокаин мен лидокаиннен де анафилактикалық шок болуы мүмкін. Сондықтан науқасты мұқият тексеру керек. Бұл ретте оның бұған дейін де қандай препарат қабылдағанын, т.б. ерекшеліктерін анықтау керек.

Оралда мұндай 21 сұлулық салоны бар екен. Мораторийға байланысты олар соңғы 3 жылда тексерілмеген. Өйткені шағымсыз тексеруге рұқсат жоқ. Мамандар арнайы жабдықталмаған орында күрделі операция жасау адам өміріне қауіпті дейді.

Қапиет Ғинаятұлы, Орал қалалық тұтынушылар құқын қорғау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

Сұлулық салондарында өздерінің құзіреті шегінде өздерінің тиісті жұмыстарын атқаруы керек. Шаш қиғызу, маникюр, педикюр, ал басқа іспен айналысу ол заңбұзушылық болып табылады.

Ұлттық экономика министрлігі, Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің баспасөз қызметі оралдық сән салонының лизензиясы барын растады. Алайда ол тек санитарлық талаптарға қатысты рұқсат. Ал түрлі екпе жасауға аталмыш орталықтың рұқсаты бар ма, жоқ па белгісіз. Мамандардың айтуынша, Оралда соңғы жылдары пластикалық, косметологиялық ота жасататындар саны артқан. Ол жыл сайын 20 пайызға өсіп отыр. Ал оған жүгінетіндердің жасы 30-дың ар жақ-бұл жағындағылар.

 Азамат АЛДОҢҒАРОВ