Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Банкроттыққа өтініш қабылдау басталды

AstanaTV
03.03.2023ж. 10:53
1371
Банкроттыққа өтініш қабылдау басталды

Бүгіннен бастап азаматтар өзін «банкрот» деп тануға өтінім бере алады. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы заң күшіне енді. Қаржы министрлігінің ақпаратынша, елімізде  1 миллион 180 мың адамның берешегі бар. Олардың қарызы- 1 триллион 100 миллиард теңге.  

Алайда, өзін банкрот деп жариялағысы келетін қазақстандықтар үшін 3 түрлі рәсім қарастырылған. Ескерте кетерлігі, жеңілдікті пайдаланғандардың қарызы кешірілмейді.  

Біріншісі - соттан тыс банкроттық. Бұған банктер, микроқаржылық ұйымдар мен коллекторларға 5 миллион 500 мың теңгеден аспаған қарызы бар, соңғы 12 ай бойы кредитін төлей алмаған тұрғындар өтініш бере алады. Және бұл санаттағы борышкерлердің жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Азаматтарға қатысты барлық деректер тексеріледі. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 6 ай ішінде және берешегі 5 жылдан артық өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар көзделген.

Екіншісі - сот арқылы банкроттық. Қарызы 5 миллион 500 мың теңгеден асатын азаматтар осы санат бойынша өтініш береді. Бұл борышкерлердің кепілдікте тұрған мүліктері болса кредиторлар үйді не көлікті алып сатылымға шығарады. Одан түскен қаржы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Ал, борышкердің мүліктері кепілдікте болмаса кредиторлар оны талап ете алмайды.

Үшінші рәсім - төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бұл орайда борышкер табысы тұрақты бола тұра қарызын өтей алмаса, онда сот арқылы берешекті бөліп төлей алады. Бұл рәсімнің бір артықшылығы, борышкер «банкрот» деп танылмайды.

Алғашқы екі рәсімді пайдаланғандарға мынадай шектеулер қойылады.

5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға шектеу; банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдану мүмкіндігі; 3 жыл бойында қаржы жағдайының мониторингі.

Банкрот деп танылған азаматтың 3 жыл бойы барлық қаржылық жағдайы, тіпті аударымдары да бақылауда болады. Егер, ол ірі көлемдегі қаржыны ел ішінде немесе шетелдерге аударса, министрлік шешімді қайта қарауға құқылы. Тағы бір айта кетерлігі, азамат банкрот деп танылғаннан кейін қосымша жұмыс істеп заңды түрде қандай да бір мүлік алатын болса, банкроттығы жойылмайды. Оған ешқандай шектеу жоқ. Ал егер, өзін әдейі банкрот деп танып, мүлкін жасырып, алаяқтыққа барған жағдайда қылмыстық кодекс бойынша жазаға тартылады.

Банкрот деп танылған адамға несие берілмейді. Тек ломбардқа бағалы бұйымдарын өткізе алады. Айта кетейік, банкроттыққа қолхат арқылы алынған қарыз, салықтық, коммуналдық және өзге де төлем түрлерінің берешегі жатпайды.Сондай-ақ, алимент пен бөтеннің денсаулығы мен өмірі үшін төлем де енгізілмеген. Банкроттыққа өтініш беру борышкердің өз еркінде. Ал, банктер, қаржы ұйымдары халықтың атынан мұндай шешім қабылдай алмайды.