$498.34 €519.72 ₽4.85
×

СҚО-да алаяқ 80 жастағы әйелді алдап, 270 мың теңгесінің орнына қағазды ұстатып кеткен

AstanaTV
03.03.2023ж. 21:29
1140
СҚО-да алаяқ 80 жастағы әйелді алдап, 270 мың теңгесінің орнына қағазды ұстатып кеткен

Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында 80 жастағы әйел алаяққа жем болды. Полицейлер қылмыскерді алысқа ұзатпай ұстап, зейнеткердің тырнақтап жиған 270 мың теңгесін қайтарып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданы Келлеровка ауылының 80 жастағы тұрғыны алаяққа алданып қалған.

Бейтаныс әйел оның үйіне кіріп, әңгімеге тартқан, сөз барысында зейнеткердің жиі ауыруы оның жасына байланысты емес, «дуалаудың» салдары екендігін сендірген.

Басыңдағы «дуаны» аламын деп, бірқатар мағынасыз әрекет жасағаннан кейін, алаяқ зейнеткердің жиған-терген ақшасын да «тазарту» керек деп айтқан.

Алаяқтың сөзінен күмәнданбаған әжей барлық ақшасын – шамамен 270 мың теңгені алып шыққан. Кейін ол қайтарған ақшасын қайта санап, азайып қалғанын білген. Дереу полицияға жүгінген.

Жедел-тергеу тобының қызметкерлері алаяқтың зейнеткерге алдын-ала дайындалған сувенирлік қағаз ақшаларды бергенін анықтады.

«Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексеру кезінде жедел уәкілдер қара түсті «Skoda Octavia» автомашинасын байқады. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде бұрын осындай қылмыстар жасағаны үшін сотталған Қостанай қаласының 50 жастағы тұрғыны ұсталды.

Қазіргі уақытта іс материалдары ҚР ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа жіберілді. Тұрғындардан жалғызбасты қарт туыстарымен сөйлесіп, бөтен адамды үйге кіргізбеу қажеттігін және осындай түрлі «рәсімдер» жасау арқылы болатын алаяқтық туралы айтып түсіндіруді сұраймыз», - дейді аудандық ПБ бастығы Нұрлыжан Ақтанов.