Ақтөбедегі Бекқұл баба ауылының тұрғындары үреймен өмір сүріп жатыр. Айтуларынша, үйлерінің қабырғасы қақырап, жарылып жатыр. Елдімекендегі мектеп, емхана, балабақша да осындай жағдай. Тұрғындар мұны ауыл аумағындағы карьермен байланыстырады. Оның жұмысын тоқатпаса, бір күні үйінді астында қаламыз ба деп қорқады.
Ауылда екі мыңға жуық түтін бар. Тұрғындар соңғы кезде баспаналарының қабырғасы жарылып, іргетасы отырып жатқанын айтады.
Қадіржан БАЙМАҒАМБЕТОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Емхана іші жарылып жатыр. Осы карьердің атқанынан деп жатыр. Үйлердің көбісі жарылып жатыр.
Назгүл САРТАБАНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Жарылыс болғанда өте қатты дауыс шығады. Төбе қозғалады. Балалар қорқады. Мектепке де әсер етіп жатыр. Мектепте трещина бар. Мен взрывтан деп ойлаймын.
Мектеп-жап-жаңа. Салынғанын төрт жыл ғана болған. Ал қазіргі сиқы-мынау. Үш жүз орындық білім ошағында екі ауысыммен төрт жүзден астам бала оқиды.
Орынбасар БЕКЖАНОВ, №76 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Ақбалшықтары нелері жарылып жатқан жерлер бар. Қауіп төндіретіндей трещина жоқ. Балалар өміріне қауіп тудырар. Сыртта да ақбалшық жарылып тұрған.
Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:
Біз қазір Бекқұл баба ауылының балабақша ғимаратының ішінде тұрмыз. Бала бақшада жүзге жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Қазіргі таңда бала бақшаның да қабырғасы сөгіліп, жарлары жарылып жатыр.
Ауыл маңында үш бірдей өңдіріс орны бар. Оларда бірнеше рет тексеру жұмыстары жүргізілген.
Бауыржан БЕКЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІК ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Біз ол кең орындарына барып, тексеріс жүргіздік. Жарылыс жұмыстары жүргізілген құжаттар бойынша барлығы дұрыс. Құжат бойынша да, жүргізілген жарылыс жұмыстары бойынша да кінәрат таппадық.
Десе де, тұрғындар барлық арыз -шағымдарын жинап, әкімдікке жолдаған. Енді бұл мәселеге қатысты жауапты мекемелердің тексерісінен бөлек, тәуелсіз комиссия құрылады.