Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Самсунгтың қызу пікірталасқа тап болған жаңа үлгідегі смартфоны Қазақстанға әлі жетпеген

AstanaTV
06.09.2016ж. 20:00
3472
Самсунгтың қызу пікірталасқа тап болған жаңа үлгідегі смартфоны Қазақстанға әлі жетпеген

Самсунг компаниясының жаңа өніміне байланысты шыққан жанжалдан соң, Оңтүстік Кореяда смартфондарға сараптама жасау жұмыстары басталды. Гэлэкси Нот 7 маркасының қуаттағыш аккумуляторының жарылуы алғаш рет Қытайда тамыз айында тіркелген болатын. Қолданушы телефонын қуат көзіне қосқанда от шыққан. Жаңа смартфонның елді дүрліктіруінің себебі не? Ұялы телефондар әлемінде қандай компаниялардың бәсі жоғары? Әріптесім Айбек Қосан зерттеп көрді.

Айбек Қосан, тілші:

Мамандардың есебі бойынша 2016 жылдың бірінші бөлігінде Самсунг компаниясы өндіретін смартфондарының сатылымы 349 млн данаға жеткен. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 3,9 пайызға артты делінген хабарламада. Үнемі халықтың сұранысын қанағаттандыра білетін корейлік компаниядан қандай қателік кетті? Оқиғаның өрбу барысын ретімен айтайық.

30 тамыз. Компания нот 7 моделіне сұраныстың көптігінен алдын ала тапсырыс қабылдайтынын мәлімдеді. 31 тамыз. Galaxy Note 7 шығару тоқтатылды деген хабар жетті. 1 қыркүйекте аталған модельдің әлемнің 10 мемлекетінде сатылмайтыны ресми түрде хабарланды. Ал әлеуметтік желілерде осы уақытқа дейін тұтынушыға жеткен құрылғылар қайтарылады немесе ауыстырылады деген алып қашпа әңгіме тарады. 2 қыркүйек. Самсунг барлық сатылған смартфондарды қайтару жұмыстарын бастайтынын мәлімдеді.

Алиса Беспалова,  "SAMSUNG ELECTRONICS CENTRAL EURASIA" коммуникациясының департамент басшысы:

Батареяның қызып кетуінен тұтану орын алады деген болжам бар. Қазір штаб-пәтердегі сарапшылар тексеруде. Бүгінге дейін әлем бойынша бұл модельдің 2,5 млн нұсқасы сатылып кетті. Соның 30-ға жуығында осындай ақау болған. Құрылғының өзінде еш кемшілік жоқ, барлық гәп батареяда болып тұр.

Әлем бойынша смартфондарға сұраныс қандай? Gartner зерттеу компаниясының мәліметі бойынша, Самсунгтың сатылымының нарықтағы үлесі 23,2 пайызды құрап, басты бәсекелесі Эплды басып озған. Ал тістелген алма белгісіндегі өнімдер сатылымы бұрын-соңды болып көрмеген көрсеткішке, яғни 14 пайызға кеміген. Алпауыттармен иық тірестіруді көздеген қытайлық Оппо 1-ші тоқсанда сатылымын 145 пайызға бірақ көтерді. Жалпы алғанда топ-5 үздіктер қатарына үш қытайлық өндіруші кірді. Олар  Oppo, Huawei  және Xiaomi.

Өніміне сұраныс жоғары оңтүстіккореялықтар сапаға келгенде бұл жолы оңбай қателесті. Осы ретте дауға іліккен брендтің өзге қандай кемшіліктері бар екенін, сұрастырып көрдік.

Басында өте ыңғайлы телефон болған. Зарядкасы, былай айтқанда, ұзаққа жететін. Күндіз зарядтасам, кешке дейін жететін. Уақыт өте келе, ұзаққа жетпейтін болды. Күніне 4-5 рет зарядтау керек болды. 

Егер сатып алған тауарыңыздың ақауы өндірушінің жіберген қателігінен орын алса, тек қайтарып қана қоймай, түбегейлі бас тартуға да болады. Сонымен қатар сатып алу фактісіне түбіртекпен қатар куәгер немесе фото-видео материал да айғақ бола алады.

Мәншүк Құрманбай, Астана қалалық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің маманы:

Сатып алынған тауар тұтынушының талап еткен қасиеттеріне ие болмаса, өз талабы бойынша сатып алған құнын мөлшерлес кемітуді, алынған тауардың кемшілігін жоюды және  сол маркадаға басқа қолданыста бар тауарға айырбастауға міндетті және шартты бұзып төленген соманы қайтаруға құқылы. 

Айбек Қосан, тілші:

Самсунгтың қызу пікірталасқа тап болған Гэлэкси Нот 7 смартфонының жарнамасы желдей ессе де, Қазақстанда сатылымға шықпаған. Тіпті сатып алушылардан алдын ала төлемақы да жинап үлмермепті. Ал компания өкілдері, суға салсаң дымқыл тартып сынбайтын, қуат көзіне қоссаң, жанбайтын сапалысын шамамен қараша айында жеткіземіз, дейді.