Аузыңызға абай болыңыз! Себебі енді қоғамдық орында балағат сөз айтсаңыз, 69 мың теңге айыппұл арқалайсыз. Заң бүгіннен бастап күшіне енді. Мұны жұрт қалай қабылдауда? Тілшіміз Дәрібек Бахытбек жұртшылықтың пікірін білді.
Балағат сөз үшін жауапкершілік заңнамада бұрыннан көзделген. Бұл жолы айыппұл 4 есе артты. Көп адам мұны құптаса, кейбіреулер қолдамайды.
БЛИЦ:
- Балағат сөз айтқаны үшін айыппұл салу бастамасын қолдаймын. Бірден тыйылмағанмен, бірте-бірте түзеледі деп ойлаймын.
- Меніңше жалпы боғауыз сөз айтқан адам сол қалпында қалады еш өзгеріссіз қалады деп ойлаймын. Себебі, бір боғауыз аузынан байқаусызда шығып кеткен жағдайда халықтың қалтасын тоңау деп ойлаймын.
- Айыппұл салған дұрыс деп санаймын. Қоғамдық жерде балаңмен кетіп бара жатқанда, көпшіліктің боғауыз сөз айтатынын жиі естимін.
Қоғам белсенділері айыппұл салған жөн. Осылай ғана қоғамды түзей аламыз дейді.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
Жазаның болуы меніңше қоғамды кішкене тәрбиелейді деп ойлаймын. Жалпы қазақ өзі айтқан ғой аузы жаман елді былғайды деп. Жақсы сөз жарым ырыс дейді ғой қазақ. Сондықтан жалпы жақсы сөйлеп үйренуіміз керек ғой.
Ресми мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері балағат сөз айтқаны үшін 250 адам айыппұл арқалаған. Айыппұл мөлшері -2 млн 588 мың 500 теңге. Бұл- бір ғана Елорда бойынша көрсеткіш.
Азамат ӘЖІБАЕВ, САРЫАРҚА АУДАНЫ ПБ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Балағат сөз айтқаны үшін 5 АЕК тартатын болса, қазіргі таңда 20 АЕК дейін санкциясы жоғарлады 69 мың теңгеге дейін. Мысалы айтатын болсақ, қоғамдық орында белгісіз тұлғалардың көзінше балағат сөздер кәмелетке толмаған азаматтардың көзінше осындай сөздер айтқаны үшін осындай жауапкершілікке немесе қамаққа алынатын болады.
Бұл шаралар қоғам тәртібін түзеп, балағат сөздердің қолдану аясын тарылтады деген үміт бар дейді мамандар.