Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды

09.03.2023ж. 20:00
1388
Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды

Батыс Қазақстан – еліміздің дамуы үшін маңызды аймақ. Өңірге жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Мемлекет басшысы облыстағы мұнай-газ және машина жасау өнеркәсібімен танысып, әлеуметтік-мәдени нысандарды аралады. Аймақ белсенділерімен жүздесті. Мемлекет басшысы отандық ғылымның дамуы туралы айтып, жас ғалымдарды қолдайтынын жеткізді. Бұл еліміз үшін, Қазақстан үшін керек деді.

Президент аймақтағы ең ірі «Атамекен» мәдениет сарайына барып, өңірдің тарихи-шығармашылық мұраларына арналған көрмені тамашалады. Одан кейін аймаққа елеулі еңбегі сіңген азаматтармен жолықты. Олардың арасында өңірдің дамуына үлес қосып жүрген сала мамандары мен оқыс оқиғалар кезінде белсенділік танытып, азаматтық үлгі көрсеткендер бар. Президент ғалымдарға, жастарға, еңбек адамдарына қолдау көрсетілетінін жеткізді әрі Батыс Қазақстанды еліміздің дамуы үшін маңызды аймақ деп атап өтті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Облыстың потенциалы, әлеуеті өте күшті. Сондықтан мемлекетімізде болып жатқан жағдайды жақсы білесіздер. Бәріміз ел болып, бір ұлт болып, халық болып ел үшін, халық үшін жұмыс істеуіміз керек. Біз үшін ең құнды мәселе – бейбітшілік. Өзара түсіністік. Сондықтан осы мақсаттарға жету үшін бәріміз бір ел болып жұмыс істейміз. Ешқандай кедергі болмайды. Тосқауылдарды еңсереміз.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев «Батыс Қазақстан машина жасау зауытына барып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Өндіріс орны мұнай-газ және энергетика салаларына арналған жоғары технологиялық жабдықтар шығарады. Бұл компанияда шығарылған мұнай жылытқыш пештер мен сыйымдылықтар «МаңғыстауМұнайГаз», «ӨзенМұнайГаз», «ЕмбіМұнайГаз» секілді ірі өндірушілердің қолданысында тұр.

Әліби АХМЕДЖАНОВ, «БАТЫС ҚАЗАҚСТАН МАШИНА ЖАСАУ ЗАУЫТЫ» АҚ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Америка, Италия, Австрия мен Швейцарияда біздің мамандар оқудан өтіп, сертификат алды. Біз газ турбиналарын ең ыстық бөлікте, ағынды бөлікте жөндей аламыз. Былтыр біз «ҚазТрансГаз» компаниясына мультивендорлық сервис орталығын құру туралы ұсыныс жасадық. Сонда кез келген өндірушінің газ турбиналарын Қазақстанда жөндеуге мүмкіндік аламыз.

Президент, сонымен қатар, ғасыр жасаған соғыс ардагері Иван Гапичпен және 96 жастағы өлкетанушы Жайсаң Ақбаймен кездесті. Мемлекет басшысы жүзге келген қарияны мерейтойымен құттықтап, оның өмір жолы халыққа қызмет етудің, ерен еңбектің, отансүйгіштіктің жарқын үлгісі саналатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл жасқа жету екінің бірінің маңдайына жазылмайды. Оның үстіне сіз Ұлы Отан соғысына қатыстыңыз. Біз майдан даласында болған соғыс ардагерлеріне зор құрметпен қараймыз. Соғыстан кейінгі жылдары елге оралып, прокуратура органдарында еңбек етіп, еліміздің дамуына сүбелі үлес қостыңыз. Сізге алғыс айтамын.

Ал Жайсаң Ақбай білім және мәдениет салаларында ұзақ жыл аянбай еңбек еткен. Сондай-ақ ол өңірде өлкетанушылық қызметімен танымал. Президент оның отандық мәдениет саласын дамытуға елеулі үлес қосқанын атап өтіп, еңбек жолыңыз көпшілікке үлгі-өнеге деді.