Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Астана әкімі кептеліс үшін бірнеше лауазымды тұлғаны жазалады

AstanaTV
07.09.2016ж. 20:00
2919
Астана әкімі кептеліс үшін бірнеше лауазымды тұлғаны жазалады

Астана әкімі марафон кезінде орын алған кептеліс үшін көлік жолдары басқармасының басшысын қызметінен босатты. Бұл жөнінде әкімнің баспасөз қызметі хабарлайды. Кеше Әсет Исекешев Қабанбай батыр даңғылын қайта жөндеу мәселелері бойынша жиын өткізген. Алайда БАҚ бұл кеңеске шақырылмады.

Бүгін белгілі болғандай, әкім тұрғындардың қатынауына ыңғайсыздық тудырған кептеліс үшін бірқатар шенеуніктерді тәртіптік жазаға тартқан. Бірінші болып қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов ескерту алыпты. Көлік жолдары басқармасының басшысы Сымбат Мырзағұлов қызметінен шеттетілген. Сондай-ақ, «Астана Теплотранзит», «Астана су арнасы» мен "Aстана LRT» серіктестіктерінің басшылары қатаң сөгіс алды. Жергілікті полиция қызметіне тиісті учаскелерде қажетті жол белгілері мен көрсеткіштер қоймағандарды анықтап, жазалау тапсырылды. Басшылықтан сөз естіген атқамінерлер енді Қабанбай батыр даңғылын келісілген уақыттан әлдеқайда ерте жөндеуге уәде етіп отыр. Енді бұл көше 5 қазан емес, 20 қыркүйекте пайдалануға берілетін болды.

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

Сіздерге барлық құзырет пен мүмкіндіктер берілді. Барлық жұмыстарды оқу жылы басталғанша аяқтауға мүмкіндік болды. Енді сіздердің келіспей әрекет етулеріңіздің салдарынан елорда тұрғындары, ата-аналар мен балалар мектептерге, балабақшаларға, ауруханаларға жете алмай отыр.