$518.97 €607.3 ₽6.64
×

2016 жылы мұнай бағасы барреліне 63 долларға дейін көтерілуі мүмкін

AstanaTV
05.04.2016ж. 20:00
1815
2016 жылы мұнай бағасы барреліне 63 долларға дейін көтерілуі мүмкін

2016 жылы мұнай бағасы барреліне 63 долларға дейін көтерілуі мүмкін. KAZENERGY қауымдастығы осындай болжамымен бөлісті. 2015 жыл қорытындысы бойынша жасалған екінші ұлттық энергетикалық баяндама бүгін журналистерге таныстырылды. Компанияның бас директоры Болат Ақшолақов уран бағасы мен экспортына қатысты ақпаратпен де бөлісті. Қазақстан уран өндірісі бойынша көшбасшылық деңгейді сақтап қалмақ. 

Айгүл Әдепбай, тілші:

Күн санап құлдырап бара жатқан мұнай бағасы көтерілуі мүмкін деген болжамды естігенде, журналистер елең ете қалды.

Екінші ұлттық энергетикалық баяндаманы таныстырған Казэнерджи биыл қара алтын құны 60 доллардан асады десе, 2020 жылы шикізат бағасы баррелі үшін 80 АҚШ валютасына дейін баруы ықтимал деп  болжам жасап отыр. Ал болашақта 100-105 көк қағазға дейін өсуі әбден мүмкін көрінеді. Мұнай құны құлдыраған тұста, бұндай оптимистік болжам қуантпай қоймайды.

Болат Ақшолақов, «KAZENERGY» қауымдастығының бас директоры:

2035 жылға дейін әлемдік деңгейде бастапқы энерго қорларға жыл сайын 1,3 пайыздық сұраныс болады деп күтіліп отыр. Нарықта тепе-теңдік орнаған сайын, біртіндеп мұнай бағасының өсімі орын алады. Келешекте оның құны баррелі үшін 100-105 көрсеткішіне қайтып келеді.

Қазақстанда мұнай өнімдерін тұтыну мөлшері артып, өндіріс көлемі де ұлғаймақ. Қара алтын Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз кен орындары есебінен көбейеді, деп болжайды Қазэнерджи. Кішігірім кен орындары мен қайраңдарды дамыту жобаларының да әсері болады, - деп атап өтті Болат Ақшолақов. Есесіне көмір тұтыну көрсеткіші төмендейді. 2040 жылы оны өндіру 20, ал тұтыну мөлшері 40 пайызға дейін түседі деген болжам бар. Қатты отынды табиғи газ алмастырады. Тиісінше көгілдір отын өндірісі артады деп болжайды сарапшылар. Электр энергиясын тұтынушылар санының да болжанған мөлшерден аз болатыны көрсетілген.

Болат Ақшолақов, «KAZENERGY» қауымдастығының бас директоры:

2015-2040 жылдар аралығындағы орташа жылдық өсімі қорытынды тұтыну көлемі 1-1,2 пайыз деңгейде болады. Электр энергиясы өндірісінің көлемі 2030 жылы 111 млрд кВт сағ болады деп бағалануда. Бұл Қазақстандағы базалық болжамнан кем дегенде 34 млрд кВтсағатқа аз.

Дүниежүзілік экономиканың кез келген сценариінде Қазақстан уран өндіру бойынша көшбасшылық позициясын сақтап қалады. Баяндамада бұл жайлы да жазылған. Болат Ақшолақовтың айтуынша, уран мұнайдан да көп экспортталатын тауар.

2003-2014 жылдар аралығында уран өндірісі жыл сайын 19 пайызға өсіп отырған. Басым бөлігі, яғни 56 пайызы, Қытайға экспортталған. 18 пайыз өнім Еуропаға кетіп жатыр. Қалғаны - Оңтүстік Корея мен өзге елдерге. 4 пайызын АҚШ алады. Ал уранның шетелге қандай бағамен сатылып жатқаны әлі де құпия көрінеді.

Болат Ақшолақов, «KAZENERGY» қауымдастығының бас директоры:

Уранның бағасы екі жақтық келіссөзбен келісетін тауар. Уран деген өте сезімтал тауар. Енді оның бағасын қазір сізге айта алмаймын.

Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, ұлттық энергетикалық баяндаманың бірінші бөлігі шыққан екі жылдан бері кен орындарын геологиялық барлау және игеруге тартылған инвестициялар едәуір азайған.

Айгүл ӘДЕПБАЙ