Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Атырау облысында жол жырылып, көлік қатынасы тоқтады

AstanaTV
11.03.2023ж. 14:02
1356
Атырау облысында жол жырылып, көлік қатынасы тоқтады

Атырау облысының Қызылқоға ауданында су тасқыны жол жыры кетті. Көлік қатынасы тоқтады.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» тас жолының 248-260 шақырымында көлік қозғалысы шектелді. Жолдың бұл бөлігі Қызылқоға ауданының орталығы Миялы мен оған көршілес Жангельдин ауылын жалғайды.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, бұл – былтыр жырылған жолдың бір бөлігі. Топырақ төселіп, көлік өтетіндей етіп жасалған. Бүгін, 11 наурызда таңғы сағат 4:45-те еріген қар суының көп келуіне байланысты топырақ төселген жол қайта бұзылған.

«Жоспарға сәйкес жырылған жолдың бөлігіне су өткізетін арнайы құбыр қойылады. Былтыр жолдың бұл бөлігіне асфальт төселген жоқ. Жол тек топырақ төселген күйінде тұр», -деп мәлім етті облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Қазір Миялы ауылынан Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға ауылдық округтеріне көлі қатынасы тоқтаған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында төрт ауылдан 17 мың текше метрге жуық қызыл су сорылғанын хабарлаған болатынбыз.

Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың дерегіне қарағанда, 7 наурызға қараған түні нөсер жаңбыр жауған.

Жаңбыр мен еріген қардың салдарынан Миялы ауылдық округінде су деңгейі көтерілген. Бұл ауылішілік су басу қаупін туындатқан.

«Толассыз жауған жаңбыр Сағыз ауылының ортасымен өтетін Ноғайты өзенінің арнасын толтырып жіберді. Сол себептен өзен жағалауын бекітуге 80-нен астам тұрғын жұмылды. Қазір Ноғайты өзеніндегі су деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Ал Сағыз өзенінде ағыс бәсеңдеді», -деген еді Қанат Әзмұханов.

Кейін Қызылқоға ауданында әлі де екі ауылдың көшелерін су басып жатқанын жазған едік.