$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Атырау облысында 173 жасөспірім ерте жүктілік есебіне алынған

AstanaTV
12.03.2023ж. 19:47
2401
Атырау облысында 173 жасөспірім ерте жүктілік есебіне алынған

Атырау облысында былтыр 173 жасөспірім қыз ерте жүктілік есебіне алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ерте жүктілік есебіндегі жасөспірімдер Атырау қаласы мен Жылыой, Мақат аудандарында байқалып отыр.

«Атырау облысында былтыр ерте жүктілік есебіне 173 жасөспірім қыз алынды. Атырау қаласындағы №3 және №4 емханаларда, «Ақтөбе Транзит Экспедишн» жеке клиникасында ерте жүктілікпен 102 жасөспірім тіркелді. Ал, Жылыой мен Мақат ауданында ерте жүктілік есебіне 71 жасөспірім қыз алынғаны анықталды», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Өткен жылы кәмелет жасына толмаған 85 жасөспірім босанған. Оның біреуі 14 жаста болған. Ал, 23 жасөспірім 16 жасында және 17 жасар 61 қыз өмірге бала әкелген.

«Алдыңғы жылы кәмелетке толмаған 108 қыз босанғаны тіркелген еді. Ал, былтыр олардың саны 85 болды. Бұған ерте жүктіліктің алдын алу бағытындағы профилактикалық түсіндіру жұмысының септігі тиді», - деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында Атыраудағы №3 қалалық емханада жасөспірімдер гинекологінің кабинеті ашылған. Өткен жылы оған 18 жасқа толмаған 1 014 қыз жүгінген. Оның ішінде 364 жасөспірім денсаулыққа қатысты шағым айтқан. Ал, 483 жасөспірім профилактикалық тексеруден өткен.