$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қоғам белсенділері экстремизм мен терроризмге қарсы заң жобасын талқылады

AstanaTV
08.09.2016ж. 20:00
2864
Қоғам белсенділері экстремизм мен терроризмге қарсы заң жобасын талқылады

Мәжілісте қаралып жатқан экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бойынша заң жобасында шикі тұстар көп. Бұл төңіректегі пікірін "Астана" арнасының тілшілеріне берген сұхбатында саясаттанушы Досым Сәтпаев білдірді.

Бүгін заң жобасы мемлекеттік қызметкерлер, қоғам белсенділері және мемлекеттік емес ұйымдардың қатысуымен кеңейтілген талқылауға түсті. Құжаттың кемшін тұстары аз емес деген саясаттанушы ең алдымен оның жемқорлыққа негіз болуы ықтималдығын айтты. Сондықтан тәуелсіз топтардың көмегімен құжатты жемқорлыққа қарсы қосымша сараптамадан өткізу керек деп отыр. Сәтпаевтың айтуынша, заң жобасында террористік акт үшін қарастырылған  жаза экстремизм бабына қарағанда жеңілдеу. Бұл дұрыс емес, - деп отыр саясаттанушы. 

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

Бұл заң жобасына күштік құрылымдардың лобби жасап отырғаны байқалады. Қатаңдату, тыйым салу, шектеу сынды шаралар көп. Экстремизммен, лаңкестікпен бұлай күреспейді. Жемқорлыққа қарсы сараптама керек. Қазіргі сараптаманы мемлекеттік құрылым жүргізді. Енді баламалы басқа топ өткізсін. Сосын екі сараптаманы салыстырамыз. Өйткені шенеуніктер бір бағытты қатаң бақылауға алса, бұл жемқорлыққа негіз болады. Заң жобасында терроризмге қарағанда экстремизм үшін жаза қатаңдау. Керісінше, террорлық акт үшін жаза ауырлау болу керек. 

Қоғам белсенділерінің пікірінше, пәтер жалдау жүйесіне енгізілетін өзгерістер де халықтың наразылығына түрткі болады. Бұл заң жобасында қарастырылғандай, пәтерін жалға беретін үй қожайыны баспана жалдаушыларды тіркеуге қоюға міндеттеледі. Сонымен қатар заң күшіне енсе, күштік құрылымдар, қажет болған жағдайда, интернет пен байланыс құралдарының жұмысына шектеу қоюға пәрмен бере алады. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ