$480.61 €534.53 ₽5.28
×

«Дүкендердегі өндірушілері мен құрамы белгісіз тәттілер түрлі ауруларға әкеп соғады», - дәрігер

13.03.2023ж. 20:00
2362
«Дүкендердегі өндірушілері мен құрамы белгісіз тәттілер түрлі ауруларға әкеп соғады», - дәрігер

Қала дүкендерінде өндірушісі де, құрамы да белгісіз тәтті қаптап кетті. Ата-аналар мен дәрігерлер дабыл қағуда. Мамандар күмән тудырған тәттілердің бала денсаулығына қауіпті екенін айтады. Тілшіміз Мөлдір Жақанның бейнематериалы.

Көздің жауын алатын түрлі түсті қағазбен қапталған тәттілерге баланың бәрі әуес. Қалтасында азын-аулақ ақша болса, дүкенге жүгіреді. Алайда ойын баласы ол өнімді кім өндірді, құрамында не бар, оған мән бермейді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Біз көбінесе составты оқымаймыз, құрамында не бар екенін. Ала береміз. Ал оның көбісі балаға қауіпті. Сертификат, қағазы жоқ болса, өте жаман.

- Мен ондайды балама алмаймын. Қағаздары, лицензиялары болуы керек. Біз қант, шоколад аз жейміз. Тістері де жаман болады, аллергиямыз да бар.

- Қазіргі өнімдерде түрлі зиянды компоненттер мен майларды қолданады. Оның қорытылуы қиын. Құжаттарды да сатып алады. Балаларға қауіпті ғой. Соның кесірінен жиі ауырып жатады.

Дүкендерді аралап, сапасы күмән тудырған тәттілер жайында сұрадық. Кей сатушы тауардың өндіруші компанияларын атап, барлығы заңды екенін айтса, кейбірітауарлардың құжаты жоқ екенін мойындады.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Міне, мен дүкеннен балалардың сүйіп жейтін бірнеше тәтті түрлерін сатып алдым. Бірге ашып көрейік. Иә, бұл өнімдерде түрлі түсті бояғыштардың барын байқаймыз. Мысалы, мына тәттінің құрамында нақты не бары жазылмаған. Ешқандай ақпарат жоқ. Ал мына өнімнің дәмі тұрмақ, түрі де қорқынышты.

Тәттілердің құрамындағы бояғыш заттар бала денсаулығына кері әсерін тигізеді дейді дәрігерлер. Онда ауыр металлдар болуы мүмкін. Нәтижесінде, баланың имундық жүйесі әлсіреп, демікпе, қант диабеті, аллергиялық ауруларға шалдығады.

Анар АМАНҒАЛИЕВА, ОТБАСЫЛЫҚ ДӘРІГЕР:

Маған көп келеді ондай балалар. Тәтті жеп қойып, немесе газировка ішеді, тәтті лимонадтар бар түрлі түсті. Құрамында көп қант болады, одан басқа көптеген консерванттар, дәмдеуіштер және бояуыштар болады. Солардың бәрі бірге қосылып, аллергиялық реакцияларды көп тудырады. Әсіресе, дерматиттер.

Санитариялық дәрігерлер сатушылар тамақ өнімдерін сатпас бұрын адал жеткізушілерді таңдауы керек екенін айтады. Бақылау құжаттары мен өнімнің сәйкестігі туралы декларациялармен, басқа да тиісті құжаттамалармен өнімдерді қабылдау және сату қажет дейді.

АЛМАТЫ қ. САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Тамақ өнімдерінің, оның ішінде кондитерлік өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау өнімнің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Қаланың сауда желісінен өнімді сатып алу бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіледі, сондай-ақ азаматтардың келіп түскен өтініштері ескеріледі. Өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттарсыз өнімді сатуға тыйым салынады.

Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліментінше, өткен жылы кондитерлік өнімдер қауіпсіздігі мониторингінің қорытындысы бойынша таңбалау жөніндегі техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін 1 өнім анықталды. Ол бойынша тиісті шаралар қабылданған.