Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

6 мың әйел алимент төлемей, сауық-сайран қуып жүр

13.03.2023ж. 20:00
1208
6 мың әйел алимент төлемей, сауық-сайран қуып жүр

Бауыр ет баласынан бас тартып, қызық қуып жүрген көкек ана көбейді. Қазірдің өзінде 6 мың әйел алимент төлемей, сауық-сайранның соңынан кеткен. Сәйкесінше, күн өткен сайын жалғызбасты әкелер қатары артып барады. Әріптесім Аружан Задабек сот орындаушылармен бірге безбүйрек әйелдерді іздеуге шықты.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Біз дәл қазір Ерлан есімді жалғызбасты әкенің үйіне келдік. Мынадай жатақханада бір бөлмені жалдап тұрады екен. Шамамен осы бөлме болуы керек. Сәлеметсіздер ме?

Жылы жүзбен қарсы алған бұл азамат - жалғызбасты әке. Әйелімен 2014 жылы ажырасқан. Содан бері екі қызын бір өзі асырап келеді. Анасынан хат-хабар жоқ, алимент төлемейді.

Ерлан СӘРСЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Алып жатқан жоқпын. Төлемейді. Бірақ жиналып жатыр алимент. Үйреніп қалдық. Әйел адамда балаларын жалғыз бағып отыр. Сондай сияқты ғой. Мен өзімді міндет санамаймын. Тұрып, жүріп жатырмыз.

Қыз бала әкесіне жақын болады дейміз. Текке айтылмаса керек. Бұл жандардың арасында ерекше махаббат, бөлек сезім.

Жалғызбасты әке бұрын трактор айдап, егін шаруашылығымен айналысқан. Қазір жұмыссыз. Күрек алып, нан табайын десе, кішкентай мүмкіндігі шектеулі қызына қарайтын адам жоқ. Перзентіне берілетін көмек ақшамен жан бағып отыр.

Астананың өзінде 19 мың адам алимент төлеуге міндетті. Арасында 173 әйел бар. Олардың 45-і бірде-бір рет баласына ақша салмаған. Осындай безбүйрек аналарды біз де іздеп шықтық.

Алимент төлемей жүрген бір ананың үйіне келдік. Оның осы күнге дейін жиналған қарызы 1,5 миллион теңгеден асып кеткен. Бұл – тіркелген мекенжай. Баласына «қарыз» ана бізді қуана қарсы алмасы анық еді. Күткенімдей, үйден қуып шықты.

Не снимайте! Мне нервничать нельзя, я кормящая.

Дәл қазір бізді үйден қуып шықты. Түсірмеңіздер деп. Байқауымша, бұл кісінің қазір екінші отбасы бар. Өйткені, үйде кішкентай сәбилер бар. Біздің сот орындаушы ішке кіріп кетті.

Бұл ана әдеттегідей «төлеймін» деп сот орындаушыны шығарып салды. Екінші мекенжайға жол тарттық.

Частный судебный исполнитель беспокоит. Я незнаю такого человека.

Мұндай жағдай да кездеседі. Яғни, борышкер әйел өзінің тұрғылықты мекенжайын белгілейді, бірақ ол үйде тұрмайды. Осылай қашып жүреді.

Жыл сайын борышкерлер саны артпаса, кемімей тұр. Елімізде алимент төлемей жүрген қазақстандықтардың нақты қанша қарызы барын анықтау қиын.

Саламат МАДХАН, АСТАНА қ. ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАР ӨҢІРЛІК ПАЛАТАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ол кісілерге қатысты сот орындаушылар тарапынан күнделікті жұмыс жасалады. Хабарлама беріледі. Нақты ер кісілерден қалай алимент өндірілу қажет, әйел кісілерге де нақты сондай талап қойылады.

Біз айтқан статистика - тек тіркелгендері. Баласынан бас тартып, тастап кеткен аналар саны одан да көп болуы мүмкін. Көп әке алиментке арыз жазуға арланады. «Өзім бағып, өзім жеткіземін» дейтіндер де бар. Бірақ әр адам алимент төлеуге міндетті. Тіпті ата-ана құқығынан айырылса да, олар алименттен босатылмайтынын ескергені жөн.