Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

СҚО-да заңсыз сақталған 27 қару тәркіленді

AstanaTV
14.03.2023ж. 08:05
1168
СҚО-да заңсыз сақталған 27 қару тәркіленді

Солтүстік Қазақстан облысында «Қару» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында тіркелмеген 27 қару тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қару» жедел-алдын алу шарасы тіркелмеген қару мен оқ-дәрілерді заңсыз айналымнан алуға бағытталған. Құқық бұзушыларды анықтау мақсатында қылмыстық полиция бөлімшелері учаскелік инспекторлармен тығыз жұмыс істеді.

Қызылжар ауданында Соколов кенттік полиция бөлімшесінің қызметкерлері екі ауылдың 57 және 60 жастағы тұрғындарынан тіркелмеген «ИЖ» және «ТОЗ» аңшылық мылтығын анықтады. Екі тұрғын да қарудың әкелерінен қалғанын айтқан.

«Қаруды туыстарының «көзі» және естелік ретінде сақтауға болмайды. Мылтықтың иесі қайтыс болған жағдайда қаруды полицияға тапсырып, кейіннен өз атына тіркеуге немесе комиссиялық сатуға қоюға болады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 482-бабына сәйкес ішкі істер органдарында тіркелмеген қаруды сақтау заңға қайшы, бұл үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған», – дейді криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Небәрі 10 күннің ішінде СҚО полицейлері 27 тіркелмеген атыс қаруын, 2 суық қаруды және түрлі калибрлі 157 патронды анықтап, тәркілеген.