$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда құлаған ағаштың бұтағы 18 жастағы қыздың өмірін қия жаздады

AstanaTV
08.09.2016ж. 20:00
4584
Алматыда құлаған ағаштың бұтағы 18 жастағы қыздың өмірін қия жаздады

Алматыда құлаған ағаштың бұтағы 18 жасар қызды аурухана төсегіне таңды. Қазір оның жағдайы дәрігерлердің жіті бақылауында. Ақ халаттылар жабық бас ми жарақатын алған бойжеткенге ота жасау мәселесін кеңесіп жатыр.

Оқыс оқиға кеше Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің маңайында орын алған. Сабақтан шығып, орындықта тыныстап отырған студенттің үстіне ағаш бұтағы құлап кетті. Қалалық әкімдіктің өкілдері апатты жағдайдың себеп-салдарын анықтаудың орнына мұның табиғи құбылыс екенін айтып, ақталған.

Көлеңкені саялап, қаннен қаперсіз тыныстап отырған 2 курс студенті Мөлдір Ержанова қауіпті сезбей де қалдым дейді. Бұтақ құлап, есінен айрылғанын жедел жәрдем келген де бір-ақ  білген. 

Мөлдір Ержанова:

Оянсам, басымда сумкам тұр. Кісілер жиналып, апайлар су шашып жатыр екен. Скорый шақырып, полицейлер болды. Қазір басым, бүкіл денем ауырып тұр. Қозғала алмаймын. Ештеңеге тәбетім болмады, көп ұйықтауға болмайды деді.

Ильдар Кұрмаев, Алматы қаласы №7 ауруханасы №2 нейрохирургия бөлімі меңгерушісі:

Науқастың жағдайы ауыр, ота жасау мәселесін талқылап жатырмыз. Дәрігерлер 3 күннен 7 күнге дейін оның жағдайын бақылайды. Оның миына зақым келген. Самай сүйегі сынған. Бақылап көреміз, егер қалыпқа келсе, ота жасамаймыз. Бірақ ауруханадан шыққан күнде де, оңалту емі екі айға созылуы мүмкін.

Баласының  жарақатынан құлан таза айығуын ата-анасы да тілеп жүр. Аман қалғанына шүкіршілік айтқаннан басқа амалымыз жоқ, - дейді олар. Тек жергілікті әкімдік өкілдері шіріген ағаштарды кесу жұмыстарын жүйелі іске асырса деген тілегі  жоқ емес. Әйтпесе, өзгелер де біздің басымыздағы жағдайды кешуі әбден мүмкін, - дейді.

Ержан Құрманғалиев, әкесі:

Әкімшілік тарапынан енді мына ағаштарды  шіріген кессе екен деймін. Өйткені ол жерде  көптеген  балалар келіп оқып жатыр.  Соларға зияны тимесе екен деп ойлаймын. Ешкімге шағым түсіргім келмейді, тек қайталанбаса екен деймін.

Осы жағдайға байланысты Бостандық ауданы әкімдігі абаттандыру бөлімінің жетекшісі Ренат Сейдрамановтың дерегіне сенсек, апат болған аймақта шіріген ағаш жоқ. Оқыс жағдайды табиғи құбылысқа балап, жауапты тұлғаларды жазалау мәселесі қаралмайтынын мәлімдеді.

Ренат Сейдраманов, Бостандық ауданы әкімдігі абаттандыру бөлімінің жетекшісі:

Біз оқиға орнына бардық, қарап шықтық. Ағаштың бұтағы құлаған, бірақ ол жасыл әрі сау. Ешқандай шіріп тұрған ағаш емес. Әбден қурап тұрған болса, жауапты тұлғаларды жазалау мәселесі қаралар еді. Бірақ мұнда жағдай басқаша - бұл табиғи құбылыс.

Алайда табиғат жанашыры Мэльс Елеусізовтің уәжі басқа.

Мэльс Елеусізов, «Табиғат» экологиялық одағының жетекшісі:

Ағаш өзінен өзі құламайды. Міне, терек 100 жылға дейін жасай алады. Қазір қарап тұрып көріп тұрмын. Қураған бұтақтары көрініп тұр. Осыған қарап-ақ апатты жағдайдың алдын-алуға болады.

Айгүл Ермахан, тілші:

Жергілікті әкімдік өкілдері  жылда қураған ағаштарды бұтау жұмыстары жиі жүргізеді. Соңғы жылдары кесілген ағаштың саны 50 мыңға жуықтаған. Бұндай көрсеткішті эколог Мэльс Елеусізов келтіріп отыр. Жасыл желекті санитарлық формаға келтіріп, қураған ағаштардан қаланы тазарттық дегенмен, кешегі апат тіркелген аумақта тағы бір қураған бұтақ тұрғындар өтетін жолға төніп тұр. Демек, алдағы күндері де оқыс оқиғаның қайталанбауына ешкім кепілдік бере алмайды.

Айгүл ЕРМАХАН