$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Ресейлік ірі компаниялардың акциясын қазақстандықтар сатып ала алады

AstanaTV
05.04.2016ж. 20:00
1505
Ресейлік ірі компаниялардың акциясын қазақстандықтар сатып ала алады

Ресейлік ірі компаниялардың акциясын қазақстандықтар сатып ала алады. "Халықтық IPO-ға" қатысушылар үшін мұндай мүмкіндікті Қазақстан қор биржасы ұсынып отыр. Олар көрші елдегі алпауыттардың акцияларын сатылымға шығармақ. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында биржаның басқарма төрағасының орынбасары Наталья Хорошевская айтты.

Брокерлік және консалтингтік қызмет ұсынатын «Фридом Финанс» акционерлік қоғамы ресейдің 7 ірі компаниясының акцияларын листингке шығаруға рұқсат алған. Акциялары сатылымға шығатын ресейлік компаниялар қатарында: «Аэрофлот әуе тасымалдаушысы», «ВТБ банкі», «Газпром», «Магнит» «Ростелеком» және «Ресей Сбербанкі» мен «Уралкалий» компаниялары бар. «Қазақстан қор биржасы» өкілдерінің айтуынша, бұл отандық нарық үшін пайдалы.

Наталья Хорошевская, «Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Бастапқы табыс пен сенімді инвестиция құралын іздеп жүрген инвесторларға, биржа нарығын капитал тарту алаңы ретінде қарастыратын компаниялар үшін де бұл ұсыныс қызықты боларына сенеміз. Құнды қағаздарды біздің нарықтан сатып алған инвесторлар оны ұстаушы ғана емес, сол акциялар арқылы отандық нарықтан несие алып, басқа келісімдерді де жүзеге асыра алады. Шетелдік инвесторларды да өзіміздің нарыққа қызықтырамыз.

Айта кетейік, акциялар бойынша инвесторларға қандай да бір шектеу жоқ. Ең төменгі лот бір құнды қағазға тең. Жоспар бойынша сауда-саттық сәуірдің 15-нен соң басталуы тиіс. «Қазақстан қор биржасы» ресейлік тағы 6 ірі компанияның құнды қағаздарын листингке шығаруға дайындап жатыр. 

Айгүл ЕРМАХАН