Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

«Мажоритарлық жүйеге сенім мол», - сарапшы

15.03.2023ж. 20:00
750
«Мажоритарлық жүйеге сенім мол», - сарапшы

Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 проценті тікелей сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауы теңдей аралас үлгімен өтеді. Ал аудан- қалалардағы мәслихат депутаттары толығымен тікелей сайланады. Мажоритарлық жүйені енгізу туралы бастаманы Президент өткен жылғы көктемдегі Жолдауында көтерген болатын.

Ата заңға енгізілген өзгерістерден кейін төменгі палата 9 депутатқа кеміді. Яғни, енді 98 депутат болады. Оның 29-ы мажоритарлық жүйе бойынша сайланады. Жаңа жүйені халық қолдап отыр. Өз өңірлерінің мәселесін бес саусақтай білетін үміткерді таңдайтын болады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Әрбір өңірден, негізі сол өңірден шыққан кісілер сайлануы тиіс сайлауда. Себебі ол өзінің туып өскен жерінің қандай проблемаларын, мәселелерін толық біледі.

- Қолдаймын олар енді жас, неге істемеске, соларға жол беру керек қой.

- Бір мандатты сайлауға қатысқанын дұрыс деп есептеймін. Әрбір адамдар бір, бірінің қабілеті бар, бірінің тәжірибесі бар. Қоғам белсенді болуы үшін бір мандаттық, өзін-өзі сайлап, өзіне-өзі сенетін адамдар болуы керек. Мәжілістер. Мен соны қолдап тұрмын.

- Бір мандаттықты жалпы қолдаймыз. Ол нағыз жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлардың шығатыны, бәсекеге қабілетті, өзінің мықтылығын көрсететін жері ғой.

- Бір жағынан бұл өте жақсы, өйткені округ бойынша жекелеген аймақтар бойынша өзі- өзі ұсынған ұсыну тәртібі бойынша әрбір азаматтың өзінің потенциалын көрсете алатындай мүмкіндігі бар.

- Жақсы азаматтар келгенін қалаймыз жоғарыға, қазақ халқының арасында жүрген азаматтар.

Сарапшылар мажоритарлық сайлау жүйесі ең алдымен халықтың сайлауға, билікке деген сенімін нығайтады деген пікірде. Жүйені жетілдіру арқылы халықтың сайлау мәдениетін қалыптастырады. Оның нәтижелі болатынан да сенімді.

Әмина ҮРПЕКОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ САЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР БӨЛІМІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Мажоритарлық жүйеге сенім мол. Саяси белсенділік артады. Көппартиялық орнайды. Өңірлерде саяси белсенділік байқалады. Бір жағынан өз өңірлерінен сайланған депутаттармен халық өзара тығыз байланыста болады. Жалпы саяси мәдениет көтерілді.

Биыл бір мандатты сайлау бойынша 609 адам кандидат ретінде тіркеліп отыр. Оның 79-ы елімізде ресми тіркелген 7 саяси партия атынан додаға түссе, 5 үміткер қоғамдық бірлестіктер тарапынан ұсынылып отыр. Ал қалғандары өзін-өзі ұсыну арқылы бақ сынамақ.