Сайлауда мекенжайы бойынша тұрақты тіркеуі жоқ азаматтар да дауыс бере алады. Олар өз аумағындағы учаскелерге бір күнге тіркеуге алынады. Саяси науқанға 2 күн қалды. Дайындық барысы қалай? Тұрғындар белсенділік таныта ма?
Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Екі күннен кейін елімізде Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтеді. Қазір барлық жерде дайындықтың соңғы шаралары жүргізілуде. Сайлауда мекенжайы бойынша тұрақты тіркеуі жоқ азаматтар да дауыс бере алады. 188 учаскеде халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері жұмыс істейтін болады. Мамандар тіркелмеген азаматтарды бір күндік тіркеуге тұрғызады. Осылайша олар өз таңдауларын жасауға мүмкіндік алмақ. Уақытша тіркеу сайлау күні ғана жарамды. Ал, келесі күні тұрғын бір күндік тіркелген жерінен автоматты түрде шығарылады.
Биылғы сайлау аралас жүйе бойынша өтеді. Дауысты көп жинау үшін сайлаушылардың округін әдейі ауыстыру секілді құйтырқы әрекеттерге бара алмайды.
Бақыт БЕКТЕМІСОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Сайлаушы бір округтан екінші округқа барып дауыс бере алмайды. 1 мандаттық сайлау жүйесі енгізілгенге байланысты кейбір кандидаттар заңның нормаларын түсінбей өздерін жақтап дауыс берушілерді өзінің округына шақырып жатқан хабар бар екен. Ол дұрыс емес. Өзінің округында тұратын азаматтар ғана дауыс бере алады. Ал басқа округтен барып арнайы ол жерге есептен шығару куәлігімен бара алмайды.
Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Астанада барлығы 416 сайлау учаскесі бар. №58 соның бірі. Жалпы, мұнда 2640 сайлаушы тіркелген. Дауыс берушілерге бар жағдай жасалған. Жеке куәлігіңізбен тіркеліп, бюллетень алғаннан кейін мынандай жасырын дауыс беру кабинасына кіріп өз таңдауыңызды жасайсыз. Үй жағдайында таңдау жасайтындар да бар. Олар өтінішті қалай бере алады?
Қымбат ЕРГЕБАЕВА, №58 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Алдын ала өтініш қалдырады. Сол 19-наурыз күні сағат 12-ге дейін қабылдаймыз. Телефонмен хабарласып бере де алады немесе ол кісілердің жақындары келіп өтінімдерін қалдыруға болады.
Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Әр адамның дауысы маңызды. Сондықтан тұрғындардың белсенді болуы керек. Сайлаушыларға науқанға баруға ниетті ме? Халықтың пікірін білсек. Сіз сайлауға барасыз ба, қашан өтетінін білесіз бе?
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Иә, барам. 19-ы, жексенбі күні болады сайлау. Бұл менің ойымша еліміз үшін өте маңызды науқан.
- Барлығы бізге байланысты. Халыққа байланысты. Сондықтан мен барамын, өз дауысымды беремін.
- Бұйырса барамыз. Әр адамның дауысы еліміз үшін маңызды.
Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Сайлаушылар тағдыр шешті маңызы бар науқанға бір кісідей атсалыспақ ниетте. Дауыс берушілерге бар мүмкіндік қарастырылған. Емхана, аурухалар, әскери бөлімшелер мен оқшаулау изоляторларында, вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер, жұмыс сапарымен басқа қалада жүргендер де өз таңдауын жасай алады.