Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Сыбайластары Талғат Ермегияевтің айыбын әшкерелеп жатыр

AstanaTV
05.04.2016ж. 20:00
1322
Сыбайластары Талғат Ермегияевтің айыбын әшкерелеп жатыр

Атышулы «ЭКСПО» ісіне қатысты сот процесі жалғасуда. Әзірге күдіктілерден жауап алынып жатыр. Ал олар Талғат Ермегияевтің айыбын әшкере етуде. Тіпті «ЭКСПО» жетекшісі ұлттық компаниядан жымқырған ақшаны зәулім үй мен қымбат көлікке жұмсады дегендер де болды. Мәселен, құрылыс фирмасының директоры Сейіт Сейітов 2013 жылы «ЭКСПО» алаңына қоршау орнатуға тапсырыс алғанын айтады. Бірақ бейресми келісім бойынша, алынған қаржының жартысын Ермегияевқа пара ретінде беруге міндеттеліпті.

Сейіт Сейітов, айыпталушы:

Біздің есеп бойынша, қоршау құны бастапқыда 480-500 млн теңгедей болған. Бірақ Ермегияевтің өкілдерімен өткен соңғы кездесуімізде компанияның қоршауға 850 млн теңге шығындауды көздеп отырғаны айтылды. Артылған қаржы Талғат Ермегияевқа пара ретінде берілуі керек екен. Келіссек, жобаның бізде қалатыны белгілі болды.

Сейітов Ермегияевтің тағы бір сенімді өкіліне 45 млн теңге бергенін де айтты. Оған ұлттық компания басшысы қымбат көлік алған көрінеді. Сондай-ақ, Астанада аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтын қос коттедждің құрылысын да ұйымдастырып беріпті. Ал тағы бір күдікті Сергей Ильиннің айтуынша, Талғат Ермегияев жалған фирмалар желісін ашып, бюджет қаржысын алып отырған.

Еске салайық, «ЭКСПО» ісіне қатысты 23 адам қамауға алынды. Тергеу деректеріне сай, олар шамамен 10 млрд теңге мемлекет қаржысын жымқырған. Әзірге 14 адам өз кінәсін мойындап отыр.

Құралай ПИОНЕР