Қазір елімізде 250 мыңнан астам оқушыға орын тапшы. 2026 жылға қарай тапшылық бір миллион асады деп күтілуде. Оқу-ағарту вице-министрі Ерлан Оспан ведомства бұл мәселені қалай шешетінін айтты, дейді BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде қалыптасқан мектеп салу тәсілі осы жылдардағы демографиялық өсіммен қордаланған оқушы орнының тапшылығын жоя алмады. Нақтырақ айтсақ, соңғы 10 жылдың ішінде оқушылар саны 1 миллионнан асып, қазіргі таңда 3,7 млн-ға жетті. Бала саны күннен күнге өсіп жатыр, ол қуанышты жағдай, әрине. Алайда, 2026 жылға арналған болжамға сәйкес, ол кезде 1,2 млн оқушыға орын тапшы болайын деп тұр. Мұны кешенді шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» жобасы әзірленді, - деді вице-министр.
Вице-министрдің түсіндіруінше, аталған жобаның мақсаты - үш аусымды мектептерді, апатты жағдайдағы білім ордаларын және оқушы орындарының тапшылығын кешенді түрде шешу.