Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Сайлауға қатысқан жеті партия халыққа алғыс айтты

20.03.2023ж. 20:00
903
Сайлауға қатысқан жеті партия халыққа алғыс айтты

Сайлауға қатысқан жеті партия халыққа алғыс айтты. Саяси ұйым өкілдері алдын ала жарияланған нәтижеге көңіл толатынын жеткізді. Сайлауда жеткілікті дауыс жинаған және қатысқан өзге де партияларға сәттілік тіледі.

Партия төрағасы Ерлан Қошанов партиялықтарды жеңіске жетулерімен құттықтады. Зор сенім білдірген сайлаушыларға ерекше алғыс айтты. Үгіт-насихат науқаны кезеңінде аманаттықтар 4 млн-нан астам қазақстандықтың қатысуымен 30 мыңнан астам іс-шара өткізді. Кездесу барысында сайлаушылардың 36 мыңнан астам ұсыныс-пікірі жиналған.

Ерлан ҚОШАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Таза тең бәсекеде жеңіске жеттік. 6 партия келді ғой. Бұл өзі Қазақстан тарихында тұңғыш рет алты партия еніп отыр, 5 пайызды өтіп. Сондықтан бұл деген үлкен жаңалық. Біздің мемлекетеміздің тарихындағы үлкен жаңалық. Ең бастысы, бұл - жеңіс Президент реформаларына деген халықтың сенімі.

"Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев та өз әріптестерін құттықтады. Партиялық тізіммен Парламент Мәжілісіне 25 кандидат ұсынылған.

Әли БЕКТАЕВ, "АУЫЛ" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Халық өзінің таңдауын жасады. "Ауыл" партиясына дауыс берген азаматтарға рахмет айтқымыз келеді. "Ауыл" партиясының бұл жетістігі -Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан Конституциялық реформалардың бір көрінісі. Әсіресе жаңа Қазақстандағы әділеттіліктің бір көрінісі деп айтуымызға болады.

Ал, Respublica партиясы алдын ала қорытынды бойынша үшінші орынға жайғасып, 8,9 пайыз дауыс жинады. Бұл көрсеткішке партия өкілдерінің бәрі бірге куә болды. Өңірдегі штабтармен онлайн байланысып, телекөпір ұйымдастырды.

Айдарбек ҚОЖАНАЗАРОВ, "RESPUBLICA" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Әрине біздің талабымыз кем дегенде екінші орын болды. Бірақ былай қарасақ біздің тіркелгенімізге екі-ақ ай. 18 қаңтарда біздің партия тіркелді, бүгін 19 наурыз. Екі ай бір күннің ішінде осындай жетістікке келгеніміз жақсы көрсеткіш.

"Ақ жол" партиясының төрағасы ең алдымен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысын айтты. Осы сайлау арқылы конституциялық реформаның жаңа кезеңіне өтетінімізге сенім білдірді. Саяси ұйымнан Мәжіліс депутаттығына 65 кандидат ұсынылған.

Азат ПЕРУАШЕВ, "АҚ ЖОЛ" ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Мен алдымен барша ақжолдықтарды, бізді қолдаған сайлаушыларды қазір жариялаған нәтижемен құттықтаймын. Бұл үлкен нәтиже, расында да біз міне осы науқан үстінде талай жұмыс атқардық. Барша аймақтарды аралап шығып бір атаның баласындай мына өзіміздің жұмысымызды көрсетуге тырыстық.

Қазақстан халық партиясының өкілдері де экзитпол нәтижесіне қатысты пікір білдірді. Әлеуметтік сауалнамаға сәйкес аталмыш саяси ұйым 6,93 процент дауыс жинаған. Республикалық штаб мүшелері бұл ақпаратты өздерінің бас кеңсесінде тікелей эфирден тыңдады. Қоғамдық бірлестік Парламентке өтуге қойылатын межені еңсерді. Халық партиясынан мәжіліс депутаттығына 66, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына 500-ге жуық үміткер ұсынған.

Асхат АСЫЛБЕКОВ, «ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫ» ҚБ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Экзитпол туралы айтты. Оның нәтижесін біз естідік. Президент Тоқаев саяси реформалар бастаған оның нәтижесін біз көріп отырмыз. Жалғыз мандаттық округтан жүздеген кандидаттар шықты. Мәжіліскеде шықты. Ол үлкен жеңіс деп ойлаймын. Және екі партия келді. Оларда өз үлесін қосайын деп тұр біздің саяси өмірге.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов та партия өкілдерін құттықтап, көрсетілген нәтижеге көңілі толатынын жеткізді. Бірлестік атынан Мәжіліс депутаттығына 19 кандидат ұсынылған.

Асхат РАХЫМЖАНОВ, ЖСДП ТӨРАҒАСЫ:

Республикалық штабта Экзит-пол қорытындысын тамашаладық. Нәтижемен таныстық, тікелей эфирде естіп, көрдік. Көңіл күйіміз жақсы. Партия өкілдерін құттықтадым. Өте қуаныштымыз. Барлық сайлаушыларға алғыс білдіреміз!

Ал, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев партияның Парламентке өтпегеніне қарамастан, ұсынған бағдарлама бойынша өз бетінше жұмыс істей беретінін айтты.

Азаматхан ӘМІРТАЙ, «БАЙТАҚ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз 500-ге жуық ұсынысты өзіміздің жоспарға қостық. Соңғы экзит-полдың ақпаратына байланысты біз өз жұмысымызды тоқтатапаймыз. Мәжіліс парламентіне өтпесек те, әрі қарай жұмысымызды жалғасытыра береміз.

Жеті саяси партия төрағаларының бәрі бұл науқанның ел болашағы үшін берері көп екенін айтты.