Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Наурыз көжеге неге жеті түрлі дәм салынады?

20.03.2023ж. 20:00
1889
Наурыз көжеге неге жеті түрлі дәм салынады?

Қазан оттан түспей, уыз қатырылып, сорпа сапырылып, мол дастархан жайылатын ұлыстың ұлы күнін дәстүрлі наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Ырымшыл қазақ халқы әу бастан киеге, қасиетті сандарға мән берген. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде әже-аналарымыз түтін түтетіп қазан қайнатады. Әріптесім Арайлым Қанатқызы мереке қарсаңында өсіп-өнген отбасында болып, көже дайындау әдісін көріп келді.

Арайлым ҚАНАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Наурыз көже наурыз мерекесінде әзірленетін бірегей ас. Түркі халықтарында 7 саны қасиетті саналғандықтан бұл тағамға 7 түрлі дәм қосылады. Наурыз көжеге ас мол болсын деген ниетпен ет және келешек ұрпақ судай тасып көбейе берсін деген ниетпен су қосады. Сондай-ақ емдік қасиеті мол әрі жылымыз тойымды болсын деп дәнді дақыл салады. Дақылдарың мән мағынасын Алмагул апай түсіндіріп береді.

Алмагүл Жакупова, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ақ күрішімізді саламыз. Молшылық болсын, берекелі болсын деп. Одан кейін бидайымызды саламыз. Енді ұрпағымыз өсіп-көбейе берсін, бидай сияқты жан-жағына көбейе берсін деп. Арпа молшылық болсын, әрқашан таршылық болмасын. Тек қана кең дастарханда ұрпағымыз өсіп, біз қазақ ырымшылмыз ғой, сондықтан тамырымыз өсіп, осындай өсімді болсын деп. Одан кейін біз құрт қосамыз. Құрт болмаса негізі, ақ сүт қосуға болады, айран қосуға болады. Негізі құрт қосқанда дәмін береді. Ақ мол болсын деп.

«Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген халқымыз ежелден әрбір ісін батасыз бастамайтын. Ұрпағына елдің тілегіне, ықыласына бөленуді санасына сіңіріп отырған. Жастар бұл күні үлкендерден бата алуға тырысады және наурызда алған батаның орны бөлек. Мұндай батаны «уыз бата» деп дәріптейді.

Дастархан басына жиналғандар алдымен көженің дәмін татты. Артынша ет тартылды. Ұлыстың ұлы күніне аман есен жеткендеріне шүкіршілік айтып, отбасы мүшелері мәре-сәре.

Дильназ ЖАКУПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Наурыз құтты болсын. Апамыз дайындаған көже өте дәмді болды. Бәріміз тауысып ішіп алдық. Баршаңызға наурыз мейрамында барлық жақсылықты тілеймін.

Арайлым ҚАНАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Көжені ыдысқа міндетті түрде толтырып құяды. Бұл жаңа келген жылдың ырыс несібесі ортаймасын дегенді білдіреді. Осынау тағылымға бай, өнегеге толы наурыз көже мерекенің басты сәні.