Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

ІІМ “синтетика” өндіруге арналған 72 тонна прекурсор тәркіледі

AstanaTV
24.03.2023ж. 09:29
700
ІІМ “синтетика” өндіруге арналған 72 тонна прекурсор тәркіледі

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті өндірістік ауқымда синтетикалық есірткі шығару үшін елге прекурсорлар жеткізуді жолға қойған Қазақстан мен шетел азаматтарынан құралған трансұлттық қылмыстық топтың қызметін тоқтатты,-деп хабарлайды polisia.kz.

Жедел уәкілдер зертханада синтетикалық препараттарды өндіру үшін қолданылатын прекурсорларды жеткізу арналарын анықтау бойынша арнайы операциялар жүргізді.

Топтың әрбір мүшесінің рөлін және басқа адамдардың қатысуын анықтау үшін “арнайы жүк” бүкіл маршрут бойы бақылауда болды. Оған әуе арқылы барлау да қолданылды. Өткен жылдың қазан айында арнайы операцияның бастапқы кезеңінде, сондай-ақ ағымдағы жылдың наурыз айында прекурсорлардың контрабандасына қатысқан үш шетелдік азамат елден тыс жерлерде ұсталды.

Операцияның соңғы кезеңінде 21 наурыз күні Алматыда осы іс бойынша қалған фигуранттар – көршілес елдердің екі азаматы және қазақстандық құрықталды.

Олардан әртүрлі салмақта мефедрон, шетелдік полиция қызметкерінің жалған куәлігі, зип-пакеттер, электрондық таразылар, Калашников автоматының 7,62 мм калибрлі патрондары тәркіленді. Қоймаларды тінту барысында ІІМ және Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлері синтетикалық есірткілерді дайындау үшін қолданылатын прекурсорларды, сондай-ақ екі реакторды, яғни синтетикалық есірткілерді дайындауға арналған арнайы зертханалық жабдықты тәркіледі.

Тәркіленген прекурсорлардың жалпы көлемі 72,7 тонна. Осылайша 8 тонна синтетикалық есірткі өндіруге жол берілмеді. Бұл 8 миллион бір реттік доза. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде. ІІМ синтетикалық есірткі өндірілгенге дейін прекурсорларды жою жұмысын жалғастыруда.