$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылжарда газ тапшылығынан өнім бағасы 75 теңгеге дейін көтерілген

AstanaTV
13.09.2016ж. 20:00
3201
Қызылжарда газ тапшылығынан өнім бағасы 75 теңгеге дейін көтерілген

Қызылжарда сұйылтылған газ бағасы 51 теңгеден 75-ке көтерілген. Ал өнімді бекітілген бағамен, яғни 58 теңгеден сатып отырған ірі монополистер тек талонмен ғана босатуда. Бұл жайында облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналды шаруашылығы басқармасының өкілі хабарлады. Айтуынша, облысты сұйық отынмен қамтуы тиіс Ақтөбедегі зауыт жөндеу жұмыстарына байланысты тапсырысты толық орындай алмай отыр. Қыркүйек айындағы сұраныс 5200 тонна болса, оның тек жартысына жуығы жеткізілген. Тапшылық салдарынан кейбір кішігірім газ операторлары жеке кәсіпорындардан коммерциялық газды қымбатқа сатып алып, оны халыққа 75 теңгеден ұсынуда. Өңірде сұйылтылған газ тапшылығы тамызда да байқалған. Сол кезде Петропавлға 5400 тоннаның орнына, 2800 тонна газ жеткізілген.

Әділбек Әубәкіров, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

Атыраудағы «Теңізшевройлдан» қосымша 1000 тонна бөлінді. Ол элеваторларға бағытталады. Бірақ бағасы қымбатырақ. Зауыт тоннасын 200 доллардан сатып отыр. Ал Ақтөбеден келген газ 23 мың теңгеден сатылады. Солтүстік Қазақстан облысында 8 газ операторы бар. Оның алтауы  өнімді талонмен босатып жатыр.

Бауыржан Нұғманов, газ құю станциясының директоры:

Бізге 560 тонна газ керек. Бірақ тек 150 тоннасын ғана берді. Бұл, әрі кетсе, он күнге ғана жетеді. Ол біткесін, қайтадан Ресейдің газын 75 теңгеден сатамыз.

Елде газға деген сұраныстың артқанын энергетика министрлігі де растап отыр. Бұл жайында БАҚ өкілдеріне таратқан баспасөз хатында хабарлады. Егер былтырғы жылдың қыркүйек айында газ тарату компанияларынан өнімнің 65 тоннасына тапсырыс түссе, биыл  107 мыңға дейін жетіп отыр. Алайда, шын мәнінде, бұл көлемнің тек жартысы ғана пайдаланылған. Мәселен, шілде айында газ операторлары сұйық отынның 101 мың тоннасын сұрап, кейін оның  66  тоннасын ғана сатқан.

Абзал ҚҰРМАНКИН