Таразда он бір адамнан құралған қылмыстық топ құрықталды. Олар облыс орталығындағы ойын-сауық орталықтары мен кафе, түнгі клубтарға күш көрсету арқылы күзет қызметтерін ұсынып отырған. Дәмхана қожайындары көнбесе жанжал шығарып, төбелес ұйымдастырып, дегендеріне жеткенше әңгір таяқ ойнатқан. Демалуға келген қонақтардың мазасын қашырып, қызметкерлерге қасақана тиісіп, түрлі айламен түртпектеген көрінеді. Бірнеше адамнан құралған топ құжат жүзінде күзетші қызметін ұсынғанымен, өзіндік тәртіп орнатуға тырысқан. Тоқсаныншы жылдардағы рэкетир кейіпінде жүрген. Түнгі клубтарда тіпті қару қолданып жиі қырғын шығарған. Осындай әрекеттермен айналысқан 11 күдікті арнайы операция кезінде ұсталды. Тәртіп сақшылары қолға түскендердің үй жайларына тінту жүргізіп, түрлі травматикалық қару тапқан. Қылмыстық топтың құрамында спортшылар мен сотталғандар да бар болып шықты.
Қуандық АЛПЫС, ҚР ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
Бұл топтың ішінде бұрын бұзақылық және бопсалау жасағаны үшін сотталғандар да болды. Басты күдіктілер атап айтқанда қылмыстық топтың ұйымдастырушылары мен жетекшілері уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.