Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді – Президент

AstanaTV
29.03.2023ж. 10:30
623
Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді – Президент

Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Біз айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз. Бәсеке жоғары болғандықтан, сайлау нәтижесін алдын-ала болжау мүмкін емес болды. Оның қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсетті. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін», - деді Президент.

Мемлекет басшысы алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өткенін де атап өтті.

«Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік. Партияларды тіркеу мәселесін реттейтін заңнаманың өзгеруі де бұған септігін тигізді. Енді партиялар еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады. Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сондай-ақ, ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Бірқатар азамат партия атынан шыққан үміткерлерді тартысты бәсекеде жеңіп шықты. Осылайша, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті. Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.