$484.11 €528.79 ₽5.03
×

Астанада алғаш рет мектеп киімі үлгілерінің көрмесі өтті

AstanaTV
05.04.2016ж. 20:00
3062
Астанада алғаш рет мектеп киімі үлгілерінің көрмесі өтті

Ортақ мектеп киім үлгісі әр мектеп үшін әртүрлі болмақ. Оның стилі мен түсін білім мекемелерінің басшылығы ата-аналармен кеңесе отырып өздері таңдайды. Бүгін Астанада алғаш рет мектеп киім үлігілерінің көрмесі өтті. Көрмеге жиырмаға жуық отандық тігін фабрикаларының өнімі ұсынылған. Форумға қатысқан ата-аналар, отандық киім, ішкі нарықты жаулап алған импортқа сапа жағынан есе жібермейтінін айтады. Олар өзімізде тігілгенімен, бағасы да импорттық өнімнен жоғары болмаса, еш кем емес. Азамат Алдоңғаров көрмеде болып, ата-аналардың патриотизм пен пайда арасында қандай шешім қабылдайтынын біліп қайтты.

Білім және ғылым министрлігінің оқушы киімін бір тәртіпке келтіру бастамасын жеңіл өнеркәсіпке жауапты министрлік пен кәсіпкерлер палатасы ұтымды пайдаланбақ. Арнайы киім нарығын зерттей келе, өткен жылы оның айналымы 9 триллион теңгені құрағаны анықталған. Өкініштісі, отандық өнімнің үлесі тым аз. Олқылықтың орнын толтыру үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық фабрикаларда тігілген мектеп формаларын көпшілікке ұсынды.

Азамат Алдоңғаров, тілші:  

Мектеп киім үлгілері форумына жалпы саны 18 отандық кәсіпорынның киім үлгілері ұсынылды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үш жылдық жоспарда ішкі нарықтың 50-60 пайызын қамту батыл бастамасын қойып отыр. Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің ең үлкен проблемаларының бірі - бүгін отандық деп таныстырылған киім үлгілерінің басым көпшілігі импорттық матадан тігіліп отыр.

Талдықорған қаласынан келген мына кәсіпкер матаны көрші Ресейден алатынын айтады. Бұл өнімнің өз құнына әсер етеді. Бір баланы толық мектепке дайындау үшін кем дегенде 15 мың теңге жұмсалады екен.

Ғайни Қортықтаева, көрмеге қатысушы:

Бұның барлығы Брянск матасынан тігілген. Бағасы, мата да, жұмысы да бар, бәрінен жиналады ғой. Басым көпшілігі сол шикізаттан.

Көрмеге келген ата-аналар сапасы теңескен отандық және импорттық киімнің бағасы да бірдей болса, қазақстандық өнімді алар едік дейді.

Қымбат Оспанова:

Қазақстанды таңдаймыз. Өйткені өзіміздің пайызымызды, өзіміздің өнімімізді көтеруіміз керек қой. Сондықтан мен қазақстандық өнімді алуға тырысамын.

Ішкі нарықты Түркия, Ресей, Қытай және Қырғызстан өнімі жаулаған. Ал оларды ығыстыру үшін қос министрлік пен кәсіпкерлер палатасы бірлескен шаралар қабылдау бойынша ауызша келісім жасасты. Ал ортақ формаға келсек, Қазақстанның барлық мектептері бір текті киім кимейді. «Оның үлгісін әр мектеп өз ішінде кеңесе келе таңдайды», - деді Білім және ғылым министрі. Ерлан Сағадиев, сондай-ақ қоғамда қызу талқыланған, оқушының орамал тағуына қатысты түсініктеме берді. 

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Білім туралы заңымыз бар. Заңды мемлекет, сол заң арқылы ешқандай діннің көрсеткіштері білім беретін жүйенің ішінде - мектептерде, университеттерде, балабақшаларда - көрсетуге болмайды.

Министр болашақта ортақ үлгінің тек түр-түсі ғана өзгеруі мүмкін дейді. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ