Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

"Үкімет әлеуметтік-экономикалық реформаларды батыл жүзеге асыруға тиіс",- Президент

30.03.2023ж. 20:00
1258
"Үкімет әлеуметтік-экономикалық реформаларды батыл жүзеге асыруға тиіс",- Президент

Әлихан Смайылов Үкімет басшысы болып тағайындалды. Оны Премьер-Министрлікке "AMANAT" партиясы ұсынды. Депутаттар дауыс берді. Көпшілігі қолдады, қарсы болғандары да бар. Мемлекет басшысы Мәжілістің жалпы отырысына қатысып, бірқатар тапсырмалар берді. Толығырақ тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Әлихан Смайылов Үкіметті басқарғанына көп болған жоқ. Яғни, министрлер кабинеті мардымды нәтиже көрсетуге уақыт тапшы болды. Сондықтан оны қайта тағайындап, мүмкіндік беруді "Аманат" партиясы құп көрді. Кандидатурасын ұсынды.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

ҚР Премьер-Министрі лауазымына «AMANAT» фракциясы Ә.С. Асханұлының кандидатурасын ұсынып отыр. Соңғы бір жылда үкіметке қоғам тарапынан айтылған сын аз болған жоқ. Бірақ министрлер кабинеті небәрі бір-ақ жыл жұмыс істегенін ескеруіміз керек. Бір жыл үкіметтің жұмысын объективті бағалау үшін тым қысқа уақыт. Оған қоса Смайыловтың кабинеті күрделі геосаяси жағдайда жұмыс жасады.

Мәжілістің су жаңа депутаттарының барлығы қос қолын көтеріп, ұсынылған кандидатты қолдамады. Қарсы шығып, қалыс қалғандары бар.

Нұрлан ӘУЕСБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, ЖСДП ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

20 жыл билікке оппазицияда жүріп, халқымыздың әл-ауқатының төмендеуіне үкіметтің әлсіз әлеуметтік саясаты кінәлі екендігіне көзіміз жетті. Парламенттік оппазиция ретінде біз бұл ұсынысқа қарсымыз

Дауыс беру барысында жалпы отырысқа қатысқан 97 депутаттың 82-сі оның кандидатурасын қолдады. 7 депутат қарсы шығып, 8 депутат қалыс қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Асханұлы Смайыловты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Президент осыған дейін жұмыс істеген министрлер кабинетіне жоғары баға берді. Үкімет күрделі кезеңде жаңа талапқа тез бейімделіп, экономиканың тоқырауына жол бермегенін айтты. Керісінше шұғыл шаралардың нәтижесінде ел экономикасы 3,2 процентке көтерлді деді. Алайда Мемлекет басшысы бұған мәз болып отыратын кез емес екенін атап өтіп, жаңа Үкіметке жаңа меже қойды

Жаңа Үкімет алдымен экономиканы дамытуға тиіс. Себебі, саяси жаңғыру үдерісінен кенже қалмауы керек. Бұл – өте жауапты жұмыс деді,- президент. Сондай-ақ, ең алдымен Үкімет инфляцияны ауыздықтауы қажет екенін айтты. Оны кемінде биыл екі есеге төмендету межесі қойылды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ең алдымен, азық-түліктің бағасын реттеу аса маңызды. Сол себепті агроөнеркәсіп кешенін және сауда-саттықты дамыту – негізгі басымдықтың бірі. Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен барынша қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру керек.

Қайта тағайындалған Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға күш-жігерін салатынын жеткізді. Өзіне сенім артқан депутаттарға ризашылығын білдірді.

Әлиахан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Сіз айқындап берген әлеуметтік-экономикалық сұрақтар бойынша ары қарай даму бойынша, халқымыздың әл-ауқатымен өмір сүру сапасын арттыру бойынша міндеттер Үкіметтің жұмысының негізгі басымдықтары болады.

Әлихан Смайыловтың ендігі міндеті министрлер кабинетін қайта жасақтау. Реформалардың нақты жүзеге асуы да осыған байланысты болмақ.