$523.86 €544.34 ₽5.11
×

Елдімекен аумағындағы ауыл шаруашылық мақсатындағы жер салығы еселеп көбейді

31.03.2023ж. 20:00
2061
Елдімекен аумағындағы ауыл шаруашылық мақсатындағы жер салығы еселеп көбейді

Тобыл өңіріндегі фермерлер тағы бір түйткілге тап болды. Шаруалар елдімекен іргесіндегі ауыл шаруашылық мақсатындағы жердің салығы жүз еселеп артқанын айтады. Мәселен бұған дейін 120 мың теңге төлеген серіктестікке енді 60 миллион міндеттеліп отыр. Саланы салықпен тұқырту кімге тиімді? Сауалдың жауабын Заңғар Санай сұрастырды.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Шаруалар елдімекен аумағындағы жерлерді кезінде тегін алған. Сол тұста оның жайылым немесе шабындық екенін жақсы білсе керек. Бірақ көбісі нар тәуекелге барған. Ал салық кодексін ескеріп, ел-жұрт еншісіндегі алқапқа соқа салмаған диқандар еш алаңсыз отыр.

Астықты өлкедегі 141 серіктестікке салық органдарынан хабарлама түскен. Әрқайсысына әртүрлі сомма белгіленіпті. Әсіресе 20 шақты шаруаның жағдайы мәз емес. Олар 9 миллионнан 60 миллион теңге аралығында салық төлеуі тиіс.Тығырыққа тірелген кәсіп иелері кәсіпкерлер палатасына жүгініп,түйткілді шешіп беруді сұрап отыр.

Марат АХМЕТОВ, «ФЕРМЕРЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ҚОФ» ТӨРАҒАСЫ:

Мен бұл түйткілге сонау 2014 жылы тап болдым. Бұл мәселе ауыл тұрғындарының жайылым жетіспей жатыр деген шағымынан туындаған. Енді міне жерді өз еркіңмен бересің немесе мәжбүрлеп кері қайтарасың деген жағдайға келіп тұрмыз.

Ауыл шаруашылық басқармасының дерегіне жүгінсек, елдімекен төңірегіне кіретін 31 мың гектар жер шаруалар еншісінде. 2018 жылы енгізілген өзгеріске сәйкес енді әр гектарға емес, әр шаршы метрге салық төленеді. Дәл осы өзгеріс серіктестік басшыларын сергелдеңге салды.Олар салық кодексінің 503,505 бабын өзгертуді сұрайды. Алайда арасында қосымша келісім-шартқа қол қойғандары да бар. 25 шаруа қомақты салық төлеуге көніп отыр.

Ғабдылқадым МАҒЗҰМОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Иә, олар жағдайды жақсы білді. Әуелі жерден бас тартқан еді. Кейін жұмысын жалғастыра берген. Енді тығырықтан шығудың екі жолы бар. Салық төлеуге келіседі. Немесе жерді қайтарады. Өйткені әу бастан ол жерлер жайылым, шабындық, бау-бақша өсіруге яғни, ауыл тұрғындарының игілігіне арналған еді.

2011 жылы жер кодексіне өзгеріс енгізілді. Жайылым, шабындық жер жекеменшікке берілмейді. Бірақ соған қарамастан кім болса сол иемденіп, ұлтарақтай жер талан-тараж болды. Енді кері қайтарудың жолы іздестіріліп жатыр. Елді-мекен аумағындағы жерге салықты еселеу де соның бір амалы болуы мүмкін дейді сарапшы.

Владимир ДРАНЧУК, САРАПШЫ:

Былайша айтқанда билік өкілдері ауыл маңындағы жерлердің жеке секторға тиесілі екенін біле тұра, аукцион арқылы кәсіпкерге берді. Сөйтіп жайылым жер егістікке айнала барды. Ауыл тұрғындары жайылымсыз қалды. Сол кезде мен жер кодексін бұза отырып, жекеге берудің керегі не деген мәселе көтергем. Енді міне сол жерлерді қалай кері қайтарамыз деген сұрақпен бас қатырып жатыр.

Заңды белшесінен басып, жайылым мен шабындықты шетінен сатқан шенеуніктердің шикілігі шаруаларды тығырыққа тіреді. Енді билік сол тамыр-таныс, қалталы қалыңға таратылған қара жерді қайтаруға талпынып жатыр. Мемлекеттік кіріс басқармасы да білек сыбана кірісті.