Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

«Ақылы тұрақтарды алып тастаған дұрыс», - қала тұрғыны

AstanaTV
31.03.2023ж. 20:00
1201
«Ақылы тұрақтарды алып тастаған дұрыс», - қала тұрғыны

Ақылы тұрақтарға халық наразы. Онан түсетін ақшаның 95 проценті жекеменшік компанияның қалтасына құйылады. Ал төленбеген ақыдан түскен айыппұл бес жылда 2,3 миллиард теңгеге жеткен. Астана тұрақ кеңістігінің басшысы осылай дейді. Жалпы ақылы тұрақ керек пе? Әріптесім Сүндет Оралбеков тараптармен тілдесті.

Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ:

Мен жұмысқа келдім. Бірақ көлігімді қоятын тегін автотұрақ іздеп жүргеніме жарты сағаттан асты. Айналамызда қаншама мекемелер бар, бірақ бірде-бір тегін тұрақ көрмедім. Амал жоқ, ақылы орынға қоямыз.

Ұлтарақтай жерді ақылы етіп автотұраққа айналдырған. Байқасаңыз, барлық көшеде, мемлекеттік мекеменің алдында, ойын-сауық орталықтарының жанында, тіпті, кейбір үйлердің ауласында да көк сызықпен сызылған көлік тұрағы бар. Осы орынға темір тұлпарыңызбен тұрақтасаңыз, сағатына 100 теңге төлейсіз. Енді мен сияқты 8-10 сағаттап жұмыс істейтін жандар күніне 800-1000 теңгесін дәл осы тұраққа төлеуге мәжбүр.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Хотя бы азайтса болады ғой. 50 теңге қылып па? Паленбай машина келіп жатыр ғой.

- Ақылы қылып қоймаса, қазір адамдар как попала қойып тастай береді. Сондықтан ақылы болған жерде тәртіп те болады.

- Нормальный орындар да жоқ қой. Конкретно айтқанда, алып тастаған да дұрыс деп ойлаймын негізінде. Халыққа да кішкене жеңілірек боладығой.

Сауда орталықтарының жанына паркоматтар қойылғалы, онда келетін адамдар саны 25 процентке азайған. Бұл - біздің жұмысымызға кедергі келтірді дейді кәсіпкерлер. Мұнымен тұрғындар да келіседі. Көлікке орын болмағаннан кейін, амал жоқ, басқа ыңғайлы жер табуға тырысады.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұл негізі болмайды. Ақы алуға болмайды, қазақтың кең даласында. Бұл жерге халық бір сағат, екі сағат тұрмайды. Базарға келеді, затын алады да кетеді. Оған ақша төле деген дұрыс емес.

Ал ақысын төлемеген жағдайда айыппұл арқалайтынын жұрттың бәрі біле білмейді. Тұрақ ақысы төленбесе және көлікті қою ережесі бұзылса 3 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Ал мамандар бұл көлік қозғалысын реттеуге септігін тигізеді дейді.

Чингиз ДОСЫБАЕВ, АСТАНА ТҰРАҚ КЕҢІСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

2016 жылы Нұр-Жол бульварында бір көлік 6 сағатқа дейін тұратын. Қазір 40 минуттан аспайды. Бұрынғыдай апталап көше жанына ешкім көлігін қойып кетпейді. Егер әрбір бизнес орталықтары өз алдына тұрақ ашып, өз тарифтерін ұсынса немесе ақылы орындарды алып тастасақ қалада қозғалыс нашарлап, қолайсыздықтар туындайды.

Жоба бес жыл бұрын іске қосылды. Бүгінгі күнге дейін айыппұл есебінен қазынаға 2,3 млрд теңге түскен. Ал әрбір транзакциядан 5 процент үкіметке, 95 пайыз компания қалтасына түседі.

Чингиз ДОСЫБАЕВ, АСТАНА ТҰРАҚ КЕҢІСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

Тұрақтан жиналған ақша - 250 млн теңге. Бұл сомманың 13 млн-ға жуығы өкіметке берілді. Ал қалған сомма осы проектті жетілдіру мен кем кетігін жөндеуге жұмсалуда. Біз жеке инвестор ретінде мемлекеттің көмегінсіз 2,5 млрд теңгені осы жобаға құйдық. Жеке қаржымыздан. Бұл транспорт пен автотұрақ саласындағы үкімет қаржы бөлмейтін жалғыз әрі бірінші жоба.

Елордада 5,5 мыңға жуық ақылы тұрақ бар. Оның жартысынан көбі түрлі мекемелер мен сауда орындарының алдында орналасқан. Қалғаны тұрғын үйлердің жанына қойылған.

С. Оралбеков