$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Көшеде ашық-шашық сатылып жатқан тағамды ешкім тексере алмай ма?

04.04.2023ж. 20:00
1230
Көшеде ашық-шашық сатылып жатқан тағамды ешкім тексере алмай ма?

Көшедегі заңсыз сауда тыйылмай тұр. Жыл басынан бері 300-ден аса саудагер рұқсатсыз жерде кәсібін дөңгелеткен. Бұл заңбұзушылыққа тоқтам болмай тұр дейді мамандар. Ал нәпақасын жайма базардан тауып жүргендер не дейді? Әріптесім Аружан Задабек «жабайы» сауда орындарын аралап, сауда жасап көрді. Сюжет көрейік.

Халық арасында «жабайы сауда» аталып кеткен орындарды іздеп шықтым. Табу қиынға соқпады.

- Не сатып отырсыз?

– Насыбай.

– Бұл жерде заңды түрде отырсыз ба, әлде заңсыз ба?

– Заңсыз.

– Қуып жібереді. Анда-санда тығылып қаламыз. Бала-шағаны бағу керек қой. Не істейміз енді?

– Ал былай ақша беріп, орынды жалдап болмай ма?

– Қымбат қой ол. Оны ақтай алмай қаламын ғой кейін.

Көше бойында зат сатып отырғандардың күні қылпылдаумен, жан-жағына жалтақтаумен өтеді. «Біреу келіп қалмай ма екен?» деп иненің ұшында отырады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Мына жерде жана саудагер тұрған. Бізді көре салысымен қашып кетті. Заттары қараусыз қалды.

Саудагерлер мұның заңсыз екенін біледі. Десе де басқа амалы жоқ екенін айтады. Бұған дейін бірнеше рет айыппұл арқалап, талай мәрте қуылғанбыз дейді.

– Штраф салғызды.

– Қанша теңге штраф төледіңіз?

– 17 мың теңге. Әлі төлеген жоқпын. Бүгін төлеу керек. Әлі жинай алмай жатырмын.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Келіңіздер! Құрт аламыз, құрт бар. Меркінің құрты. Дәл қазір мен әлеуметтік эксперимент жасағым келіп тұр. Қала көшелерінің бірінде сауда жасаймын.

Сауданың қызығына енді кіргенде, жанымдағы саудагер құпияны ашты. Бұл жайма базардың да өз ережесі бар екен. Саудагерлер заңсыз орынға таласады. Шеттен біреу келсе, «қайқай» дейтін көрінеді.

Көшедегі заңсыз сауданы жою үшін қала әкімдігі мен құзырлы органдар тарапынан жүргізіліп жатқан шаралар, әзірге, айтарлықтай нәтиже бермей тұр. 2016 жылы «Көше саудасына арналған 1000 орын» жобасы іске қосылған. Жобаға өз кәсібін дамытқысы келетін кез келген адам қатыса алады. Ол үшін ең алдымен жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелуі тиіс. Онымен қоса, банктен есеп-шот ашады. Салық комитетінен қарызының бар-жоғы анықталғаннан кейін ыңғайлы орын алуына мүмкіндігі бар. Бірақ, құжат жинап бас қатырғысы келмейтіндер әлі де «жабайы» саудаға жармасып жүр дейді мамандар.

Мақсат ЖАНАБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Шапағат, Евразия сауда орындарының алдында тұрған саудагерлер заңсыз сауда жасайды. Ешқандай ақша төлемейді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың жүріп-тұруы мен көлік қозғалысына кері әсерін тигізеді. Біз бұл сауда түрін жою үшін бірқатар жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мониторинг жүргіземіз. Әр демалыста жәрмеңке ұйымдастырамыз. Бұл-тек Астананың мәселесі емес, әлемдік деңгейдегі мәселе.

Далада, ашық-шашық сатылып жатқан тағам санитарлық талапқа сай ма деген орынды сұрақ туындайды. Сэс мамандары жеке тұлғаларды себепсіз тексере алмаймыз дейді. Тек бір жағдайда ғана сараптама жүргізуге құқығы бар.

Марат БАЙТҮГЕЛОВ, ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Азаматтар тарапынан түскен арызда егер нақты негіздер және дәлелді материалдар болған жағдайда мұндай объектілерге қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі.

Былтыр 2 мыңға жуық саудагер «жабайы» саудамен айналысқан. Ал жыл басынан бері 300 кәсіпкер заңбұзушылық жасады. Бұл тек тіркелгендері. Тіркелмей заңды белшеден басып жүргені қанша?! Оларға, әзірге, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай тұр.