$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Елдегі қоғамдық орындардың 74 пайызы террористер шабуылына дайын емес

AstanaTV
22.09.2016ж. 20:00
2368
Елдегі қоғамдық орындардың 74 пайызы террористер шабуылына дайын емес

Елдегі халық көп шоғырланатын қоғамдық орындардың 74 пайызы террористер шабуылына дайын емес. Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко осылай деп мәлімдеді. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер жыл басынан бері елдегі 9 терактінің алды алынғанын айтты. Елге төнген қауіпті соғыс ошағынан оралған лаңкестер күшейтіп тұр. Экстермизм мен терроризмнің алдын алудың заңнамалық шаралары қаралған жиыннан Айгүл Әдепбай.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Прокурорлар кісі қарасы қалың бес мыңға жуық қоғамдық орынды тексерген. Нәтижесі қуантпады. Ондағы күзеттің халықтың бас амандығын қамтамасыз етеді деген кепілдік жоқ, - деп салды Бас прокурордың орынбасары.

Андрей Кравченко, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Ақтөбедегі оқиғалардан соң қару-жарақ сатумен айналысатын барлық нысандар тексерілді. Ондай дүкендердің 50 пайызында, күзет агенттіктерінің үштен бірінде, инкассаторлық қызметтердің тең жартысында талаптардың бұзылғаны анықталды. 150 адам жауапқа тартылды. Халық көптеп демалатын 5 мыңға жуық нысан тексерілді. 74 пайызының жағдайы қанағаттандырмайды. Ол жердің күзеті террористік қауіптің алдын алып, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деген кепілдік жоқ.

Сондықтан прокурорлар терроризмге қарсы заң талаптарын сақтамаған нысандардың қожайындарын жауапқа тартуды ұсынды. Өйткені қауіптің беті сейілмей тұр.

Нұрғали Білісбеков, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:  

2011 жылдан бері 64 экстремистік акцияның жолы кесілді. Ал жыл басынан тоғыз шабуылдың беті қайтарылды. Адам көп жүретін қоғамдық орындар мен құқық қорғау және бірнеше мемлекеттік органдарға жоспарланған шабуылдардың жолы кесілді. 

Комитеттің мәліметінше, Ауғанстан, Ирак, Сирия соғысына қатысқан 45 қазақстандық экстрадицияланған. Оның 33-і өз еркімен елге оралып, қылмыстық жауапқа тартылған. «Қасиетті соғысқа» аттанбақ болған 559 адамның жолын кескен күштік құрылымдар. Соңғы 5 жылда діни-экстремистік қылмысы үшін 445 адам сотталды. Жыл басынан 25 адам темір торға қамалса, тергеу изоляторларында тағы 50 шақты адам отыр. Алыс және Таяу Шығыста соғысқан лаңкестер қазір елге оралып жатыр. Және олардың тарапынан терроризм қаупі аса жоғары, деп ескертті қауіпсіздік комитеті. Ал прокурорлардың пайымынша, терроризммен күрестің бір жолы - ішкі тіркеу.

Андрей Кравченко, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Тіркеу жүйесі неге жұмыс істемейді деп, Ішкі істер министрлігінен сұрау керек. Олар үй қожайындарын міндеттеу керек дегенді ұсынып отыр. Қазір пәтер иелері үйін жалға беріп ақша табады, ал ондағы тұрып жатқан адамдар үшін ешқандай жауапкершілік алмайды. Ақтөбе мен Алматыдағы террористер жалдамалы пәтерлерде тұрғандықтан, мемлекеттік органдарда олар туралы ақпарат болмады. Қылмыскерлер өз еркімен тіркелмейді дейді бізге. Менің айтарым, адам қылмыс жасар алдында заңды бұзбауға, сөйтіп көзге түспеуге тырысады.

Жақында ғана құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің министрі Нұрлан Ермекбаев радикалды топтарға еріп кеткен террористердің 55 пайызы 20-ға толмаған жастар екенін айтты. 35 пайызы 30 бен 39 жас аралығында. Тек 10 пайызы - 40-тан асқан азаматтар. Жастардың қыршыннан кетіп жатқанын идеологияның жоқтығынан көрді. Ал қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан жастардың теріс ағымдарға еруінің өзіндік үш себебін атады.

Мұхтар Тайжан, Болатхан Тайжан қорының президенті:

Лаңкестіктің басты негізі - кедейшілік және жұмыссыздық. Елімізде кедейшілік, жұмыссыздық болмау керек. Өйткені еліміз бай. Сондықтан біз үкіметтен басқа экономикалық саясат күтіп отырмыз. Осы 20 жылдың ішінде, өкінішке орай, білім жүйесі әлсіз болып кетті. Сондықтан бұл жерде де үлкен реформа керек деп ойлаймын. Келесі басты себеп - мемлекеттің әділеттілігі.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев экстремистік мазмұндағы әдебиеттің Алматы базарларында емін-еркін саудаланып жатқанын алға тартты.

Данияр Әшімбаев, саясаттанушы:

Заңмен тыйым салынған аудио және бейне таспалар толып жатыр. Ал ондай әдебиеттің базардағы саудада бақылауы жоқ десе болады. Комитеттегілер маған штаттың жоқтығымен түсіндірді.

Ал Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин терроризммен күресте күш біріктіріп, қоғам болып күресудің маңыздылығын атады.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Терроризм мен экстремизм жыл сайын өте қауіпті мәселеге айналып барады. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемдегі проблема. Сондықтан терроризм мен экстремизмге қарсы күресті күшейту бойынша Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев нақты тапсырмалар беріп, оның орындалу жолдарын да көрсетті. Ең бастысы - бұл мәселеге бүкіл қоғам қатысып, шынайы қолдау білдіріп отыр.  

Айгүл Әдепбай, тілші:

Жиында Ұлттық қаіпсіздік комитеті террористерге берілетін жаза мерзімі тым аз, ұзарту керек деген ұсыныс айтты.  Мәселен, Сирия, Ирак сынды алыс және жақын шетелде соғысып келгендер, ең көп дегенде, 7 жылға сотталатын көрінеді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ