Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Алматылықтар демалысын қайда және қалай өткізгенді ұнатады?

05.04.2023ж. 20:00
1094
Алматылықтар демалысын қайда және қалай өткізгенді ұнатады?

Алматыға былтыр 1,8 млн. турист келген. Шетелден келетіндер 2,5 есе өскен. Алматы қаласы несімен тартымды? Қала тұрғындары мен қонақтар демалысты қалай және қайда өткізгенді ұнатады? Әріптесім Мөлдір Жақан айтады.

Алматы десе, ең алдымен, әйгілі «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты еске түседі. Мұнда халық, әдетте, тау бөктерінен шаңғы және сноубордпен сырғанау үшін келеді. Сондай-ақ Алматы алақандағыдай болып көрінетін Көктөбе паркі де кез-келгенді өзіне бірден баурап алады. Биіктігі 1070 метр болатын төбеден шаһарға панорамалық шолу жасауға болады.

БЛИЦ:

- Мына иностранный адам шетелден келген. Біз кеше Шымбұлаққа шығып, көріп келдік. Бәрімізге қатты ұнады. Тағы Көктөбеге де барса болады. Тұңғыш Президент паркі де жақсы.

- Демалыс күндері осылай парктерге келіп серуендегенді жақсы көремін. Мейрамханаларға, көбінесе сондай жерлерге барамыз. Бірақ в основном тауға шыққанды жақсы көреміз.

- Өзіме Көктөбе ұнайды. Спорт алаңдарына барып тұрамын.

- Демалыс күндері музейге, театрға барған ұнайды. Балаларды зоопаркке апаруға тырысамыз.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Иә, әркім өз демалыс уақытын әрқалай өткізеді. Кейбіреулері Алматының сансыз мейрамханаларының бірінде шәй ішіп, кітап оқығанды жақсы көреді. Ал ендібіреулері саябаққа келіп, балмұздақ жеп, серуендегенді ұнатады. Біз дәл қазір Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағындамыз. Бұл да-алматылықтардың сүйікті жерлерінің бірі.

Тұңғыш Президент саябағы қаланың бірегей табиғи көрінісін және ХХI ғасырдың ғылыми жетістіктерін біріктіру мақсатында құрылған. Отбасыңмен, құрбы-құрдастармен шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құруға таптырмайтын жер.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Салауатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары демалыс күнін белсенді өткізуді жөн санайды. Мынау әлемге танымал «Медеу» табиғат паркіндегі «Баспалдақ» маршы. Ол 842 сатыдан тұрады. Қане, біз осы баспалдақтармен жоғарыға дейін көтеріліп көрейік.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Міне, 20 минут ішінде жоғарыға дейін көтерілдік. Әрине, оңайға соқпады. Алайда, мынадай көрініс үшін бәріне шыдауға болады.

Саф ауа, тұмса табиғат, көрікті мекен. 842 сатыны артқа тастаған әр адам Іле Алатауының көрінісінен көз алмай тамашалайды. Табиғат демекші, "жұрт демалысты Көлсай, Қайыңды көлдері мен Шарын шатқалында өткізуді көбірек қалайды",- дейді туристік компания өкілдері. Себебі, қаладан аса қашық емес, 1-2 күн мегаполистің тынымсыз тіршілігінен демалып қайтуға болады.

Абылай ӘБДІҚАИМОВ, ТУРИСТІК КОМПАНИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

Шарын, Көлсай, Қайыңды, Іле Алатау және Алтынемел ұлттық табиғи парктер бағыттарында орналасқан орындарға апарамыз. Экскурсия жасаймыз. Өзіміздің статистикаға сәйкес, біздің турға баратындардың жасы 18 бен 45 аралығында. 5-6 жыл бізбен бірге турға келіп, демалатын өзіміздің туристеріміз де өте көп.

Өңірде туризм жақсы дамып келеді. Сапалы демалыс үшін бар жағдай жасалған. Ал күні кеше Алматы қаласы Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени және туристік астанасы атанды.