$521.81 €543.67 ₽5.05
×

Қызылша дертін жұқтырған бала Ресей аумағында болып келген

06.04.2023ж. 20:00
1176
Қызылша дертін жұқтырған бала Ресей аумағында болып келген

Қостанайда екі жастағы баладан қызылша ауруы анықталды. Бүлдіршін жуырда ғана ата-анасымен Ресейден келген. Жұқпалы індеттің Тобыл өңірінде өршіп кетпеуі үшін тиісті шаралар жүргізіле бастады. Басқа аймақтарда да эпидахуал аатып тұр. Тілшілеріміз толығырақ баяндайды.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қаулы шығарып, эпидемиологиялық жағдайды жіті қадағалауды тапсырды. Қызылшадан қорғанудың жалғыз жолы вакцина дейді мамандар.

Гүлім ДОСЫМОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Барлық ата-аналарды балаларын ұлттық күнтізбеге сәйкес қызылшаға немесе басқа да жұқпалы ауруларға қарсы егуге шақырамын. Осылайша балаңыздың денсаулығын және жақындарыңыздың өмірін сақтап қаласыз.

Жыл сайын облыс көлемінде 11 мыңға жуық бала вакцина алады. Мамандар 3600 бүлдіршінге екпе салынбағаны анықталып отыр дейді. Шаһардағы нөмірі 61 балабақшада үш жүзден астам сәби тәрбиеленеді. Соның үш пайызы егілмеген. Ата-анасы қарсы.

Айман КЕЛТАЕВА, МЕДБИКЕ:

Қызылшадан балалар бірінші вакцинасын бір жарым жаста алады. Екіншісін алты жаста. Соның бәрін біз тексеріп отырамыз.

Қаулыға сәйкес жоспарлы профилактикалық екпе алмаған балалардың үлесі мектепке дейінгі ұйымдарда нақтысы топтарда 10 проценттен аспауы тиіс. Ал медицина қызметкерлері міндетті түрде таңертең баланың қызуын тексеріп, жұқпалы ауру белгілерінің бар жоғын байқауы қажет.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Өңірде желшешек індеті де өршіп тұр. Жыл басынан бері сегіз жүзге жуық жеткеншек сырқаттанған. Бұл инфекцияны көбі 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер жұқтырған. Біздің жақтағы эпидахуал осылай боп тұр. Әйгерім сіздерде жағдай қалай?

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Заңғар, індетті жұқтырған науқастардың саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Қалада әсіресе қызылшамен ауырып жатқан бала көп. Осыған байланысты мектептер мен балабақшаларда шектеу шаралары енгізілді.

Қалада 5 сәуірдегі жағдай бойынша қызылшаның зертханалық расталған 78 жағдайы тіркелді, 40 жағдай - 1 жастан 4 жасқа дейінгі балалар арасында, 16 жағдай - 5 жастан 9 жасқа дейінгі адамдар арасында, 7 жағдай - 10 жастан 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Дәрігерлердің айтуынша, бұған үрдісті вакцинадан бас тартатын ата-аналардың көбеюі себеп. 14 884 бала екпе салдырмаған. 1-6 жас аралығындағы 6 124, 7-17 жас аралығындағы 8 760, оның ішінде түрлі себептерге байланысты екпеден бас тартқан 5688 бала бар.

Айнұр УӘЛИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Егер балаңыз қызылшаға егілмеген болса, қызылшаға екпені 12 айында алады. Және ревакцинация мектеп алдында 6 жасында болады. Егер осы кезеңдегі вакцинацияны өткізіп алған болсаңыздар, міндетті түрде алыңыздар. Өйткені бұл қызылша ауыруы асқыну беруі мүмкін. Өте ауыр өтеді.

Мегаполисте 30 мамырға дейін мектеп пен балалақшаларда іс-шаралар өткізуге қатаң тыйым салынды.

Әсел ҚАЛЫҚОВА, ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Егер де мектеп не балабақшаларда аурудың бір ошағы шықса, сол мекеменің басшысымен балаларды онлайн оқытуға жіберу шешімі қарастырылуы қажет. Қазіргі уақытта оқу ордалары мен балабақшаларды толық жабуды әлі қарастырылып жатқан жоқ. Тексеру мен профилактикалық жұмыстардың барысында аурудың таралып кетпеуін қатты қадағалауымыз қажет.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Қызылша – ауамен таралатын жұқпалы вирустық ауру. Мамандардың айтуынша қаладағы эпидемиологиялық ахуалға көші-қон үдерісінің де әсері бар. Еркін, әрі қарай сізге сөз беремін. Естуімше, батыста қызылша емес, жедел ішек ауруы белең алған секілді.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Иә, Әйгерім, бізде де жағдай мәз емес. Батыс Қазақстан облысында жедел ішек инфекциясы биыл 14 есе көбейген. Санитар дәрігерлердің дерегінше, жыл басынан бері 140 адам осы дертті жұқтырыпты.

Мамандардың айтуынша, тұрғындар жеке басының тазалығына мән бермейді. Әсіресе балалар. Ересектер аурудың ластан жұғатынын естен шығарған. Сондықтан қолды сабындап жууды әдетке айналдырған жөн дейді.

Лунара ИСЕНЖУЛОВА, БҚО САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Ішек инфекциясының таралу себебі – дайындалған тамақты дұрыс сақтамау, дұрыс термиялық өңдемеу және балалар арасында жеке гигиеналық ережені сақтамауға байланысты. Аурудың алғашқы белгілері бұл құсу, диарея, температура, шөлдеу және әлсіздікпен сипатталады.

Тазалықты сақтамаған тұрғындар арасында биыл педикулез 7 есе көбейіпті. Бұл аздай созылмалы вирустық гепатит, описторхоз, жіті респираторлық вирустық инфекциялар 3 есе артқан. 4 жасар баладан менингококк жұқпасы табылды. Оның отбасындағы 30 адамға зертханалық тексеру жасалғанымен, ауру жұқтырмағаны анықталған.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Дегенмен мамандар өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп сендіреді. Өйткені оба, тырысқақ, құтыру және өзге де ауыр дерттер тіркелмеген. Әрі коронавирус жұқтырғандардың саны 53 есе азайыпты. Бірақ сақтықта қорлық жоқ. Әсіресе кішкентай балаларды қызылшаға қарсы ектіру керек. Осылай ертерек қамданбаса бұл сырқаттың зияны орасан.