Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Балет әртістері халықаралық байқауының бас жүлдесін қазақстандық биші иеленді

AstanaTV
19.09.2016ж. 20:00
3738
Балет әртістері халықаралық байқауының бас жүлдесін қазақстандық биші иеленді

Үшінші халықаралық балет әртістерінің бас жүлдесі мен бірінші орнын қазақстандық бишілер ұтып алды. Қазылар үшін жеті мемлекеттің өнерпаздары қатысқан сайыста үздікті анықтау қиынға түскен. Ал Словакиядан келген төреші Қазақстандағы балет өнерінің қарыштап дамығанына таңданысын жасырмады.

Бір аптаға созылған жоғары өнер сайысы Астана опера сарайында мәресіне жетті. Жеті мемлекеттің жетекші балет сахнасының саңлақтары бап пен бақ сынасқан сайыстың бас жүлдесі мен бірінші орны да Қазақстанда қалды. Бірінші орын мен әртістік өнері үшін арнайы жүлдені Серік Нақысбеков алса, гран-приді қазылар ойланбастан Бақтияр Адамжанға табыстапты. Биші бір жылда осымен қатарынан үшінші бас жүлдеге ие болған.

Бақтияр Адамжан, ІІІ Халықаралық балет әртістері байқауының гран-при иегері:

Турциядағыдан, Кореядағыдан бәсеке біздің Астанада жоғары болды. Себебі мына жақта барлық жағдай жасалғандықтан, өздерінің 100 пайыз деңгейін көрсетті деп ойлаймын. Себебі жақсы билеуге кедергі болған жоқ. Сондықтан бұл жерде мен күшімді көбірек салдым десем қателеспеспін.

«Астана опера» қабырғасында құрылған жаңа балет мектебінің ашылуымен қазақстандық балет өнерінің деңгейі 100 пайызға өсті», - дейді жеңімпаз. Оның тағы бір дәлелі, байқау аясында Братислава Ұлттық театры тағайындаған «Pеtipa Prix» сыйлығын отандасымыз Еркін Рахметуллаев иеленді. Енді ол әйгілі Мариус Петипаның «Корсар» балетінде басты ер партиясын орындайды. 


Йозеф Долинский, әділ қазы /Словакия/:

Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Шынымды айтсам, байқауға келмес бұрын бұндай жоғары деңгей күткен жоқпын. Астанадағы балет мектебі жайында естігенім бар, бір-екі танысым да бар онда жұмысқа кеткен. Бірақ бүгінгі деңгейі мені таң қалдырды.

Он күн ішінде көрген өнердің әлі талай талғамы биік көрерменнің көңілінен шығарына Нидерландыдан келген Стэфан Жеромский сенімді.

Стэфан Жеромский, әділ қазы /Нидерланды/:

Маған Астанада салынған жаңа мектеп қатты ұнады. 21 балет залы бар театрлар әлемде саусақпен санарлық. Енді «Алтынай» бастаған балет труппасы «Астана опера» театрының атын әлемге танытады деп ойлаймын.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау салтанатты шарасының соңы үлкен гала-концертке ұласты. Астаналық көрермендер әлемдік үздіктер өнерін тамашалады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ