Қазақстанның төрт қаласындағы жылу желілерін жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында айтты.
«Биылғы 15 наурызда Екібастұз қаласында жалпы сомасы шамамен 9,6 млрд теңгеге (5,3 км) 4 жылу магистралін (ТМ-2, ТМ-5, ТМ-8, ТМ-12) реконструкциялауға және Павлодар қаласында жылу желілерінің жаңа 5 құрылысына 4,4 млрд теңгеге (1,8 км) мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды», - деді ол.
Қарабаев атағандай, 2023 жылғы бюджетті нақтылау кезінде Павлодар қаласында жылу желілерін қайта жаңарту бойынша 1 жобаны (5 км) іске асыруға 1,6 млрд теңге көзделген.
«Сондай-ақ, Павлодар қаласында жылумен жабдықтаудың 2 жобасы бойынша жобалау сметалық құжаттаманы әзірлеу жүргізілуде. Үкімет резервінен тиісті қаражатты бөлу туралы Қаулының жобасы (13,3 млрд.теңге) мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр. Сондай-ақ Степногорск және Көкшетау қалалары бойынша жылу желілерін жөндеуге (5,9 млрд.теңге; 18,3 км) Ақмола облысы әкімінің өтінішхаты жолданды. Бүгінгі таңда сметалық құжаттамалары пысықталуда. Жақын арада Қаржы министрлігіне қолдаухат жіберіледі», - деді министр.