$523.86 €544.34 ₽5.11
×

Екі жастағы баласының қолын сындырып, 18 рет пышақтады

11.04.2023ж. 20:00
1408
Екі жастағы баласының қолын сындырып, 18 рет пышақтады

Есірткіге еліткен ер адам 9 жастағы қызын пышақтап өлтірді. Енді бірі 6 жасар баласының басын балталап тастаған. Соңғы уақытта осындай жантүршігерлік жағдай жиіледі. Перзентін аямаған жауызды әке деуге бола ма? Балалар неге зорлық-зомбылықтың құрбаны болады? Әйкерім Пернебек айтады.

Түрін көрсетіп, тегін айтуды құп көрмеген кейіпкеріміз күйеуінен әбден шаршаған. Ішімдік ішіп, үнемі шаңырақтың шырқын қашырыпты. Тіпті үйдегі медициналық спиртті сіміріп алады екен. Он бір жыл отасқан жолдасы балаларына да маза бермеген. Әйелдің құлағы дұрыс естімейді, балалары қорқынышын әлі күнге баса алмай жүр.

КЕЙІПКЕР:

Ыдыс-аяқты сындырып, айқай шу кезде қатты қорқып, тығылып қалатын үлкен балам. Шыңғырып түнімен түс көріп жылайтын, мені ұрып жатқанын көргенде. Тіпті түнде әлі күнге дейін, емдетсем де, астына жіберіп қояды. Өзі айтуға ұялады. Әлі күнге дейін невропотологқа апарып, психологтың көмегі бар. Әлі көмектеспейді. Төрт жасар қызым да сондай болып қалады ма деп, дені сау кезінде қашайын деген нем болды.

Отбасындағы зорлық-зомбылықтан көбіне балалар зардап шегеді. Аналар тығырықтан шығар жолды білмейді.

Зүльфия БАЙСАҚОВА, ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Оның бәрін тоқтатып, алдын алу үшін қылмысты ерте кезеңінен әшкерелеу керек. Агрессормен ауқымды жұмыс жасау қажет. Біз ең бірінші аналармен жұмыс жасаймыз. Өйткені аналық жылу мен мейірімі әрбір балаға үлкен көмек пен емші бола алады.

Тіпті балталап, пышақтап тастаған деректер бар. Соңғы бір жылдың өзінде 9 бала әкесінің қолынан қаза тапқан.

Халида ӘЖІҒҰЛОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ БАЛАЛАР ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ:

2022 жылғы көктемде Түркістан облысында әкесі 6 жасар баласының басын балталап тастаған. Ол жейтін тамақ болмағанын айтқан. Ал былтыр қарашада Алматыда нашақор әке 9 жастағы қызын пышақтап өлтірген. Маңғыстау облысында әке үш баласын өлтіріп, кейін өзі асылып қалған. Ал Қарағанды облысында маскүнем әке анасы жұмыста болған кезде екі жасар баласын өлтірді. Алдымен нәрестенің қолын сындырып, кейін балаға 18 рет пышақ сұққан.

Әке емес нағыз айуанның тірлігі дерсіз. Психологтар олардың өздері өмірден зорлық көргендер дейді.

Сәлима ӘБДІРӘСІЛОВА, ОТБАСЫ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ПСИХОЛОГІ:

Баланы өлтіру деген ол бірден болмайтын процесс. Ол бірден болмайды, ол бірінші баланы жазалаудан, баланы ұрудан, балаға деген балағат сөз, агресиия танытудан басталатын процесс. Қазіргі отбасында байқайтынымыз балаға кәдімгі бір қажетсіз зат, ауыртпашылық ретінде қарап жатады.

Бердімұрат ХАСЕНҰЛЫ, ЗАҢГЕР:

Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңнама Қазақстан Республикасында өте әлсіз. Қазір абьюзер еркектерге мықты заң жоқ.

Әрбір сәби үшін отбасы қауіпсіз жер. Солай болуы да керек. Өкінішке орай, әкеден жаба шегушілер көбейіп барады.