$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Қызылордалық қария 80-ге келсе де әлі көкпар тартады

Қызылордалық қария 80-ге келсе де әлі көкпар тартады

Қызылорда облысы Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылының тұрғыны Қалдан ақсақал жасы 80ге келсе де аттан түспеген. Тіпті жас көкпаршылармен додаға түсетіні де бар. Үйінің ауласын баққа айналдырып, ондағы жеміс ағаштарын да өзі баптайды. Қалдан Шәмшиевпен тілшіміз кездесті.

Қалдан ақсақал жасы 80-ге келсе де тың. «Мені шыңдаған еңбек» дейді ол. Жастайынан трактор айдап, егін еккен, мал да баққан. 7 қыздың ішінде бір ұл болғандықтан түздің бүкіл шаруасы жалғыз өзіне жүктелген көрінеді.

Қалдан ШӘМШИЕВ, СҰЛУТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Таза бейнетпен тапқан ақша тәтті. Ол жанұяңа да сіңімді. Қазір жұмыс көп. Жоқ дейді ғой. Мен отыра алмаймын. Мен балыққа барғым келеді. Балыққа барамын оның өзі кәсіп. Ал жұрттың барлығы балықшы емес. Адал болсаң, ешкімге ешқандай қиянат жасамасаң, пейіліңе береді деген ой қалыптасып қалған.

Ақсақалдың жастайынан қолға алған шаруасын шыр айналдыратынын замандастары да айтады. Түлікке шапқан қасқырды жайратып салатын жүректілігі де бар дейді құрдастары.

Мәлібек АСАНҰЛЫ, СҰЛУТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұтаның түбінде қасқыр жатыр екен. Қақпан аяғында, 2-3 болған түскеніне. Ашулы ғой енді ол. Ырсиып адамға қарап. Бірден барып қақ маңдайдан ұрды. Сөйтті де жаңағыны тірідей, енді ол есінен танып қалды ғой. Тірідей қолымен алып шығып, аяғындағы қақпанын босатып, аузын байлап ауылға тірідей алып келді ғой соны.

Қалдан ақсақал көлік те жүргізеді. Туған-туыстан шұғыл хабар жетсе, мотоциклмен әне-міне дегенше жетіп барамын дейді. Ал тұлпар десе делебесі қозып тұрады. Ол жас кезінде талай асауды бас білдірген. Қазір де жылқының бабын тауып, жүйрікті жазбай таниды.

Шыңғысхан БАТЫРХАН, СҰЛУТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ол кісісіз бізде көкпар басталмайды. Сол кісінің батасымен басталады. Аттың қыр-сырын сол кісіден үйреніп, тәрбие алып келеміз. Ол кісі де көкпар шапқан кісі. Қалай басу керек, қалай тарту керек соның бәрін бізге үйретіп келе жатыр.

Сексеннің сеңгіріндегі ақсақал 60 жыл отасқан өмірлік серігімен бірге 7 баладан немере сүйіп, шөберенің қолынан су ішіп отыр. Өсіп-өнген берекелі әулет қариялардың батасымен көгеріп-көктеп, кең қанат жаюда.