Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Атырауда студенттердің қатыгездік әрекеті жаға ұстатты

14.04.2023ж. 20:00
1105
Атырауда студенттердің қатыгездік әрекеті жаға ұстатты

Атырауда үш студент жасөспірімді аяусыз тепкілеп тастаған. Кәмелетке толмағандардың қатыгез әрекеті әлеуметтік желіге тарап, көпшіліктің наразылығын туғызды. Оқиға аграрлы-техникалық колледжі ауласының сыртында сабақтан соң болған. Студенттің жағдайы қалай? Соққыға жыққан кімдер? Аймақтағы тілшіміз айтады.

Әлеуметтік желіге тараған видеоны соңына дейін көру мүмкін емес. Үш жасөспірім боқтық сөзбен балағаттап, кезек-кезек аяусыз тепкілеп жатыр. Қорғануға тырысқанына қарамастан басы мен денесіне ауыр соққы тигені анық көрінеді. Ал оқиға куәгерлері бұл айуандық әрекетті видеоға түсіріп, студенттердің уатсап группасына таратып жіберген. Колледж директорының айтуынша, 9-сынып бітіріп келген бірінші курстың екі студенті арасында өзара келіспеушілік болған. Кейін екіншісі достарын көмекке шақырыпты. Бұл ешқандай буллинг емес, бұзақылық дейді директор.

Ислам ЖАНҰЗАҚОВ, АТЫРАУ АГРАРЛЫ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Реніштің ар жағы ұялы телефон жоғалады, соны бір-бірінен көреді. Сондай жағдайдан басталады. Жалпы ауданнан келген балалар қаланың балалары бір-бірімен түсініспеушілік болып тұр. Ар жағы төбелеске ұласып кетіп тұр.

Видеодағы тепкілеп жатқан екеу досына көмекке келген политехникалық және көлік және коммуникация колледжі студенттері болып шықты. Мұғалімдер дереу полицияға хабарлап, ата-аналарын шақыртқан.

Қаршыға ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, №2 ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ ЖПҚ БАСТЫҒЫ:

ҚК 293 бабы ІІ бөлігімен қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта студенттер анықталып, ішке жеткізіліп, ата-аналармен жұмыс жүргізілді. Бұл бағытта жәбірленушінің сараптамасы аяқталғаннан кейін, ары қарай айтылатын болады.

Колледж басшысы тергеудің қорытындысына сәйкес студенттерге шара қолданамыз деп отыр. Алайда қазірдің өзінде соққыға жығылған жасөспірімнің ата-анасы арызды қайтып алып, кешірім берген.

Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Егер осы жағдай ата-аналар, балалар бір-біріне кешірім берген күннің өзінде де мұны жай-күйсіз қалдыруға болмайы. Егер немқұрайлық танытып, балаларға қатысты алдағы уақытта мұндай жағдайлар тағы орын алуы мүмкін.

Білім басқармасындағылар 3 колледждің тәрбие жұмысына зерделеу жүргізетінін айтты. Оқиғадан соң тиісті мамандар ер балаларды дереу жинап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ал соққы алған студентке дәрігерлер «Бас терісінің жұмсақ тіндерінің, мұрынның артқы жағындағы жұмсақ тіндердің көгеруі» диагнозын қойған.