Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Сирияда болған 7 жасар қыз елге қайтарылды

14.04.2023ж. 20:00
1402
Сирияда болған 7 жасар қыз елге қайтарылды

Сирияда болған бұрынғы қазақстандық содырдың 7 жасар қызы елге қайтарылды. Бұл операция жарты жылға созылған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті оны жүзеге асыру барысы туралы видео жариялады. Люлю елге қалай жеткізілді? Оның қазір жағдайы қалай? Тілшіміз Аружан Серік жалғастырады.

ДАИШ-тың қатарына өз еркімен қосылған қазақстандықтың Люлю есімді қызы Сирияда дүниеге келген. Ол бір жасқа толғанда, анасы жарылыс кезінде қаза тапқан. Ал әкесі екінші рет үйленеді. 2017 жылы онда соғыс қызады. Олар елге қайтуға тырысқан.

Алмаз АШИРОВ, ЛЮЛЮДІҢ ӘКЕСІ:

Ол жерде де қазақ сақшылары болды. Проводникке ақшасын бересің, өткізеді. Екіге бөлініп алдық. Әйелімнің ағасының әйелі де болды да. Ағасы қайтыс болып, ол кісіні де біз алып келе жатырмыз.

«Әйеліңмен сен бірінші, содан соң бала-шағаң өтеді» деп шарт қойғандықтан, олар екі топқа бөлінген. Алмаздар Қазақстанға шығып үлгерген. Ал қалғандары...

Алмаз АШИРОВ, ЛЮЛЮДІҢ ӘКЕСІ:

Біз өткеннен кейін ана группа біліп қойды. Сосын ол жерді жауып тастады. Гүлназдар өте алмай, ақшалары таусылып, біраз сол жерде қалып қалды. Жарты жылдай. Оларды да спец служба қарап отырды.

Біршама уақыт өтіп, келіншегінің жеңгесі балаларымен қашып шығады. Бірақ Люлюды сол жердегі бір әйелге қалдырып кетеді. 2022 жылдың күзінде кішкентай қызды адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау қайырымдылық қорының өкілі кездестіреді.

Мехмет ӨЗКАРТАЛ, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БОСТАНДЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Люлюмен Сириядағы лагерьлердің бірінде гуманитарлық көмек көрсету кезінде кездестік. Оны ата-анасыз екенін көргеннен кейін тиісті білім алып, отбасылық жолын сезінсе деп қордың Джераблустағы филиалына апаруға шешім қабылдадық. Әрі қарай оның отбасын іздей бастадық. Бұл іс-шара шамамен 7 айға созылды.

Ұйым өкілдері Люлю жайлы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хабарлаған. Содан соң қыздың ДНК-сы алынып, қазақстандық сараптамаға өткізілген. Нәтижесінде біздегі жазасын өтеуші азаматтың қызы екені расталып, елшіліктегі консулдық арқылы оған қайта оралу туралы құжат дайындалады. Люлю аман-есен елге оралды.

Еркебұлан СӘПИЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҮРКИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ:

Осы Түрік мемлекеттік органдарымен, оның ішінде ІІМ-мен, көші-қон полициясымен бірге жұмыс істедік. Және осы жұмыстың нәтижесінде Сириядағы босқындар лагерінде қызымыз табылды. Әрине, ол жұмыс оңай болған жоқ. Біздің бауырлас түркі тарапымен тиісті келіссөздер жүргізілді.

«Өзіңнің бауыр етің – балаңды қалайша тастап кетуге болады?» дерсіз. Әкесі де осыны ойлап, күйінеді. Шешіміне өкінеді.

Алмаз АШИРОВ, ЛЮЛЮДІҢ ӘКЕСІ:

Енді менің мақсатым – осы бала-шағамды бәрін бірге қосып, дұрыс тәрбие беру. Кішкентайынан қызым біраз қиыншылық көрді. Бүкіл амалын жасаймын да енді, осы қыздарымды қылу үшін.

Қазір Люлю елордадағы балаларды қолдау орталығында. Медициналық тексеруден өтіп, бейімдеу және оңалту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта ол туыстарының қамқорлығына беріледі. 2019 жылдан бері ҰКҚ террористік қауіпті аймақтардан 518 кәмелет жасқа толмаған, оның ішінде 34 жетім баланы елге қайтарды. Мұндай белсенді жұмыстар әлі де жалғасын табуда.