Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Қарағандылық шахтерлар Қазақстанда регресниктер туралы арнайы жаңа заң шығаруды талап етті

AstanaTV
21.09.2016ж. 20:00
2765
Қарағандылық шахтерлар Қазақстанда регресниктер туралы арнайы жаңа заң шығаруды талап етті

Қарағандылық шахтерлер Қазақстанда регресниктер туралы арнайы жаңа заң шығаруды талап етті. Құжат ауыр өндірісте жарақат алған кеншілердің өмір сапасы мен денсаулықтарын жақсартуға әлеуметтік кепілдік беруі тиіс. Шахтерлар құқығын қорғайтын ұйымдардың белсенділері бұл мәселені Шахтинск қаласында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпованың қатысуымен өткен кеңейтілген жиналыста айтты.

Павел Шумкин, бұрынғы шахтер:

Шахтерларға арнайы заң керек. Оны басқа заңдармен араластырудың қажеті жоқ. Неге десеңіз, кеншілер  -шаштараздар емес, олар - аса қауіпті зиянды мамандық иелері. Бүкіл әлемде солай. Америкалықтар, болгарлардан, тіпті кімнен болса, содан көшіріп алайық заңды. Кімнен сұрасаңыздар да, ондай заң бар екенін айтады. Мен 22 жыл шахтада, жер астында жұмыс істедім. Сөйте тұра, қазір ең төменгі зейнетақы аламын. Бұл қалай болғаны сонда?

Шахтада көмір қазып жүріп, ауыр жарақаттанған бұрынғы кеншілердің мәселесі шаш етектен. Былтыры жаңа «Еңбек» заңы қабылданысымен, олардың орташа жалақысы барша қазақстандықтармен теңестірілді. Сөйтіп, мүгедек шахтерлар ең төменгі зейнетақы алуға мәжбүр. Көп ұзамай «Исламдық қаржыландыру және сақтандыру мәселелері» туралы заңға тағы да өзгерістер енгізіліп, кеншілердің жәрдемақылары 30-40 пайызға дейін қысқартылған. Мүгедек шахтерлердың айтуынша, ол соманы сақтандыру компаниялары қиып тастапты. Бір жарым жыл бойы талқыланған мәселені Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қарап жатқандарын мәлім етті. Арнайы құрылған комиссия құрамына прокуратура мен ұлттық банк өкілдері де кірген. Светлана Жақыпованың айтуынша, жұмыс тобы ұлттық банктің есеп-қисабын күтіп отырса керек. Құжаттың экономикалық негізі дайындалып біткен соң, Парламентке аталған заң жобаларын қайта қарау туралы ұсыныс жасалмақшы. Мұнымен қоса, белсенділер шахтерлер туралы құжатқа медициналық қызметті жақсарту, кәсіби аурулардың алдын алу тармақтарын енгізу туралы ұсыныстар жасады.

Светлана Жақыпова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі:

Бұл нормалар мен ұсыныстар сүзгіден өткізіліп, жұмыс тобына беріледі. Сондықтан министрлік ол проблемаларды білмейді, не олардан сырт айналды деп ойлаудың, уайымдаудың қажеті жоқ.

Айжан ҚУАШ