Жыл басынан бері елімізде кәмелетке толмаған 3 бала адам өлтіргені үшін, 12 жеткіншек денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл-өте алаңдатарлық жағдай. Балалар арасындағы әлімжеттікке не себеп? Заңның осалдығы ма, үйдегі тәрбиенің жоқтығы ма? Тілшіміз Мөлдір Жақан жауап іздеді.
Соңғы кезде әлеуметтік желіде жасөспірімдерге қатысты түрлі сұмдық тарап жатыр. Бұл жұртшылықты дүрліктіріп қана қоймай, ата-ана баласы үшін алаңдай бастады. Жеткіншектердің есіруіне, тым қатыгездігі мен жауыздығына, бір-бірін өлтіруіне не себеп?
БЛИЦ:
- Бұл ортаға байланысты, одан кейін үйдегі тәрбиеге байланысты. Көшенің тәрбиесімен өскен балалар артын ойламай, сондай дәрежеге түсіп жатады.
- Олардың көбісі мүмкін қарайтын видео, медиаларына байланысты болуы мүмкін.
- Бұл істі қолға алу керек ұжым болып, мектеп болып, семья болып, дұрыс тәрбие беріп, дұрыс бағытқа итермелеп баланы.
Елімізде 14 жастан асқан балалар ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Оның өзінде жеңіл түрдегі қылмыс үшін ата-анасына айыппұл салумен шектеледі. Сондықтан заңды күшейту керек дейді заңгерлер. Қылмыс жасаған жасөспірім заң алдында жауап бермеген соң, әрі қарай да өзінің арам пиғылын жалғастыра беретінін айтады.
Ғабит ӨМІРБЕКОВ, ЗАҢГЕР:
ҚР заңнамасына шұғыл түрде өзгерістер енгізу қажет. Шетел практикасына сүйене отырып, жасы 12 де болсын, 13-те болсын, 14 болсын, ондай азаматтар қылмыс жасаса, оларға қатысты сот-психологиялық сараптама тағайындау қажет. Егер де сарапшының қорытындысына сәйкес, баланың ойлау-қабілеті 16-18 жас деп берсе, сол жасқа сәйкес тиісті жауапкершілікке тартуымыз қажет деп есептеймін.
Бала құқығы жөнінде уәкілі Аружан Саин мәселенің салдарымен емес, себептермен күресу керек дейді.
Аружан САИН, ҚР БАЛА ҚҰҚЫҒЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ:
Балалалардың осындай қадамға баруына үлкендер ғана кінәлі. Бірде - бір бала қатыгез, жауыз болып дүниеге келмейді. Ата-аналар мен мемлекеттік жүйеге бірдей жүк артылып отыр. Балаларға қатысты мемлекеттік саясатты баяғыда - ақ өзгерту керек еді. Олар үшін тәрбиелі, дамыған орта қалыптастыру қажет. Мемлекеттік ресурстар адами капиталды дамытуға жұмсалу керек.
Алматы, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы жағдайлар бойынша оқу-ағарту министрлігі шұғыл кеңес өткізді. Ведомство басшысы қылмыс жасағандардың заң тәртібінде қатаң жауапқа тартылуын қадағалайтындарын айтты.