Елімізде донор тапшы. 4 мыңға жуық науқас ағза ауыстыру кезегін күтіп жүр. Ал жылына бар болғаны 100-ге жуық операция жасалады. Сонда қалған жан қайтпек? Оқыс жағдайда қайтыс болғандардың сау органдарын мұқтаж адамға беру неге қиындық тудырады? Мәселені шешудің басқа жолы бар ма? Әріптесім Ақбота Базарбай тарқатады.
Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Адам кеудесіндегі жұдырықтай жүректің қызметіне ештеңе тең келмейді. Жүрек мотор қызметін атқарады. Бүгінде медицинада сол моторды емін-еркін ауыстырады, донор табылса, әрине. Бірақ ол бақыт екінің біріне бұйырмайды.
62 жастағы Анатолий сол бақыт бұйырған жандардың бірі. Ол өз жүрегін 4 жыл күткен.
Анатолий САЛОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Уақыт өткен сайын жағдайым нашарлай берді. Тіпті еңкейіп бауымды байлай алмайтынмын. Себебі басыма қан кететін. Ал саған хабарласып жүрек табылды дегендегі қобалжу басқа сезім. Ол жүрекке бірнеше үміткер болды. Талдау қорытындысы бойынша дәл келеді деп дәрігерлер мені таңдады.
Қазір донор табу қиын. Сау органын өзгеге беру жанқиярлықпен тең. Ал оқыс жағдайда өмірден өткен туысының ағзасын қиып беру екінің бірінің қолынан келмейді. Оның үстіне ұлттық менталитет жібермейді.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Тірі кезде ме? Жоқ, бермейтін едім.
- Менің жақсы жұмыс істейтін органдарым біреудің өмірін сақтап қалса беретін едім.
- Өте күрделі сұрақ.
Жыл сайын орган трансплантациясына мұқтаж жандардың 10 проценті өз кезегін күте алмастан көз жұмады. Елімізде 4 мыңға жуық адам ағза ауыстыруға мұқтаж, оның 80-і - бала. Мәйіттік транс¬плантацияның аздығы бұл көрсеткішті жылдан жылға арттыруда. Науқастарға әсіресе бүйрек, жүрек, бауыр керек.
Сәуле ШАЙСҰЛТАНОВА, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТРАНСПЛАНТАЦИЯ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРДІ ҮЙЛЕСТІРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Қазір барлық жасалған трансплантацияның 15 проценті ғана мәйіттік донордан жасалған. Ал қалғаны туыстық донордан алынған. Мына бүйрек, бауырдың бір бөлігі салынады.
Шариғат бойынша мұқтаж адамға мәйіттің мүшесін трансплантациялауға болады. Діни басқарманың бұл туралы пәтуасы да бар. Ал дәрігерлер қарапайым адамдар арасында түсіндірме жұмысының жоқтығы донор болуға тұсау болып отырғанын айтады.
Мэлс АСЫҚБАЕВ, ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ОНКОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫ АҒЗА ТРАНСПЛАНТАЦИЯСЫ СЕКТОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Көбісі орган алуға рұқсат бермейді. Оның дұрыс шешімін табудың бірі - халықтың көзқарасын өзгерту. Мысалға дінде рұқсат етілмеген деп те бермеуі мүмкін. Екінші ол трансплантология жүйесі туралы дұрыс ақпарат алмағандықтан.
Биыл елде 200-ден аса бүйрек трансплантациясы жасалып, 193-і туыстық донордан, 7 трансплантация мәйіттік донордан алынған. Ел медицинасының әлеуеті бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, ұйқы безі трансплантациясын жасауға қауқарлы. Операцияға дейінгі және кейінгі жәрдемнің барлығы тегін көрсетіледі.