$498.34 €519.72 ₽4.85
×

"Кейбір әлеуметтік тауарлар өндірушіден тұтынушыға жеткенше 10 есе қымбаттап жатыр", - Сенатор

20.04.2023ж. 20:00
891
"Кейбір әлеуметтік тауарлар өндірушіден тұтынушыға жеткенше 10 есе қымбаттап жатыр", - Сенатор

Елімізде қоғамдық орындарда тамақ қымбат. Әсіресе, асханадағы түскі ас пен фастфуд құны ерекше көтерілген. Мейрамханалардың да қызмет ақысы өсті. Бірақ, оған қарап жатқан ешкім жоқ, жұрт сырттан тамақ ішкенді ұнататын секілді. Ұлттық статистика бюросы осындай ақпарат таратты. Ал депутаттар азық-түлік бағасын қалай тежейміз деп бас қатырып жүр. Ол туралы толығырақ экономика топтамасында.

Кейбір әлеуметтік тауарлар өндірушіден тұтынушыға жеткенше 10 есе қымбаттап кетеді. Үстемеақы өндіруші қойған бағаның 15 процентінен аспау керек деген заң барлық жерде сақталмайды. Тіпті кәсіпкерлер мұндай заң талаптарының бар екенін білмейді. Ал білетіндері ескермейді дейді Сенат депутаты Қайрат Тастекеев. Сондықтан мониторингті күшейтуді ұсынды.

Қайрат ТАСТЕКЕЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Егер «Magnum» гипермаркетінде қанттың бағасы 500 теңге болса, тұрғын үйлерде орналасқан дүкендерде бұл тауардың құны 900 теңгеге жетеді. Бағаның көтерілу себебі әкімдіктердің сауда қызметіне тұрақты мониторингінің болмауына байланысты деп санаймын. Сауда және интеграция министрлігі облыстардың, қалалардың әкімдіктерімен бірлесіп, бөлшек сауда үстемесінің сақталуына мониторингті күшейтіп, қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыруы тиіс.

Қазақстанда өз компанияларын тіркеп, оны жалған шот-фактуралар жазу, салық төлеуден жалтару және қаржыны көлеңкелі айналымға шығару үшін пайдаланатын шетелдік көп. Сенатор Андрей Лукиннің айтуынша, олар фирманы тіркейді де, елден кетіп қалады. Мәселен, қазір бизнес-иммигранттардың визасыз 198 компаниясында 4 млрд теңге берешегі бар. Ал 1,5 мыңнан астам компания тіркеу орнында жоқ және 2 мыңға жуық фирма жұмыс істемейді.

Андрей ЛУКИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бизнес-иммигранттарға салық салу және көші-қон мәселелері бойынша ведомстволық бақылауды күшейтуді, бүкіл ел бойынша бизнес-иммигранттардың тікелей қатысуымен салық төлемдері мен заңды қызмет жүргізу тұрғысында компаниялар мен фирмаларға аудиторлық тексерулер жүргізуді, сондай-ақ бизнес-иммигранттармен құқықтық қатынастарды реттеу тетігін жетілдіру жөнінде заңнамалық түзетулерге бастамашылық жасауды ұсынамын

Былтыр Қазақстанда кино және музыкалық шығармаларға 68 млдр теңге жұмсалған. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 45 процентке көп. Қаражаттың тең жартысы фильмдер мен телебағдарламалар өндірісіне тиесілі. Айта кетейік, елімізде кино саласы қарыштап дамып келеді. Керісінше бейнебаян мен дыбыс жазу қызметі төмендеген. Биыл наурыз айында кинотеатр қызметтерінің бағасы өскен..Рекордтық көрсеткіш Ақмола облысында байқалды. Үштікті Батыс Қазақстан және Абай облыстары түйіндейді.